Халықаралық отбасы күніне орай, Пугачев ауылында ойын алаңы ашылды. Балаларға базарлық болған алаңды ауыл әкімдігі тұрғызып берді. Нысанның жалпы аумағы 400 шаршы метрді құрайды.
8 млн 568 мың теңгеге салыңған алаңда алдымен балалардың қауіпсіз ойнауы үшін жағдай жасалған. Алаңда кішкентай балаларға сырғанақ, әткеншер бар. Алаң қоршалып, жұмсақ жабын төселген.
-Бүгін ауылымыздың оңтүстік-батыс шағынауданында кезекті балалар ойын алаңы салтанатты түрде ашылып, ауыл халқы, әсіресе кішкентай тұрғындары қуанып жатыр. Алаң жыл басында жергілікті қоғамдастық мүшелерімен келісіліп, жұмыс жоспарына бекітіліп, оған тиісті қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу заңы аясында рәсімдері жүргізілген болатын. Кейін мердігер анықталып, сәуір айында жұмыстар басталды. Осы бір айдың ішінде мердігер «Орал құрылыс» ЖШС салып берді. Былтыр ауылымызда екі футбол алаңы ашылған болатын. Сол кезде оңтүстік-батыс шағынауданының тұрғындары ойын алаңын салу жөнінде ұсыныс білдірген еді. Себебі, ауылға тұрғындардың көптеп көшіп келуіне байланысты ауылымыз өсіп жатыр. Халықтың ұсыныс-тілегі ескеріліп, Отбасы күніне осындай қуаныш болып жатыр, - дейді ауыл әкімі Мереке Ізтілеуов.
Айта кетейік, былтыр да ауылда екі ойын алаңы ашылған болатын. Оның бірі Достық, М.Маметова көшелерінің қиылысында орналасса, екіншісі округке қарасты Пепел ауылында ашылған еді.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz