18.05.2023, 12:15
Оқылды: 553

«Білім ап саяңда өткердік сан жылды...»

Уақыттан  озған  жүйрік  жоқ екен, институтқа түскеніміз  күні  кеше сияқты  еді... 

Көзді  ашып-жұмғанша  бәрі өте шықты.

ad7f757a-2504-41ab-984a-161ccae1036d

1973 жылы орта мектеп түлектері, институттың дайындық бөлімінен өткен, әскер қатарынан келген бір топ жігіт Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырып, үміткер атандық. Сол кезде жоғары оқу орнының ашылғанына 10 жыл болған екен. Таңдаған бөліміміз «Зооинженерлік» деп аталатын. Бір орынға 5 үміткер таласып, бақ сынадық. Содан институттың ректоры В. Иконниковтың 1973 жылғы 28 тамыздағы бұйрығымен 66 үміткер 1-курс студенті атанып, төбеміз көкке жеткендей күй кешкенбіз.  Алғашқы күннен үлкен өмірге қадам басқанымызды сезіне бастадық. Санамызға «аудитория», «лекция», «практикум», «семинар», «семестр» деген атаулар орнығып, тұңғиық ғылым әлеміне ендік. «Студент» сөзі латын тілінен аударғанда «ынтамен оқушы,  ізденуші» деген мағынаны білдіреді. Студенттік өмір, студенттік жылдар  адам өміріндегі ең әдемі, ең қызықты және ұмытылмас кезең десем, артық айтқандық болмас. Студент болып, жаңа таныстар мен достар таптық. Курстастармен бірге сессияларға, түрлі сынаққа дайындалатынбыз. Емтихан тапсырғаннан кейін бірге атап өтіп жүрдік. Сол уақытта өмірде ең қиын нәрсе емтихан тапсыру немесе сынақтан өту деп жүрсек, ең қиыны – өмір сүру екен ғой. Мектептен, отбасымыздан қол үзіп, еркіндікке қол жеткіздік пе десек,  оның да өз қиындығы бар болып шықты. Жора-жолдастарды өзіміз таңдап, шешім қабылдарда ойланып, сөйлеген әр сөзімізге жауапкершілікпен қарау керек екенін   ұғындық. Бұл әсіресе жатақханада немесе жалға алған пәтерде тұратын студент жастарға  өмірлік сабақ болды. Бөлменің, киімнің тазалығы, қажетті азық-түлікті  сатып алу, тамақ дайындау, ақшаны ұқыпты ұстап, айдың аяғына дейін жеткізу секілді бұрын беттеспеген тұрмыстық мәселелер алдымыздан шықты. Студенттер арасындағы кей міндет-шаруалар бірге тұратындар арасында тең бөлінетін. Бөлмеде әскери өмірден өткен, орта білімі бар, өндірістен келген үлкендеу ағаларымыз бізге бағыт-бағдар сілтейтін. Мектеп бітірген көкөрімдер сабақ жағынан қамшы салдырмайтынбыз. Кейбір курстастарымыздың сынақтардан өте алмай, институттан шығып қалғаны көкейге өкініш  ұялатады.

Біздің курс ерекше еді. Курстастарымыз «Зооинженер» эстрадалық ансамблін құрды, студенттік кештер ұйымдастырушы еді. Түрлі байқаудың, спорт олимпиадаларының жеңімпазы атынды. Сондай жетістіктердің арқасында көптеген елге, қалаға туристік жолдамалар алып,  марапатталды. Өзіміздің мамандығымызға сай сабақтар да басталып, оны бар ынтамызбен қызыға оқыдық. Профессорлар дәріс оқуды бастағанда, олардың сөйлеу мәнеріне, өздерін ұстауына қызыға қарайтынбыз.

Тіпті біз білмейтін тілде сөйлеп тұрғандай көрінетін. Әсіресе Э. Сатқанов, Х. Қайырғалиев, А. Қарасаев, М. Нұралиев, В. Петровская, А. Рустенов, В. Юрова, К. Кудряков сынды оқытушыларымыздың дәрістерін қалт жібермей тыңдауға асығатынбыз. Уақыт өте келе олардың өмір сүру қағидалары, айтқан сөздері тыңдарманына әсер етеді, есте қалады. Мысалы, Эмханат Тариховичтің «Еділбайдың құлағы ауылдың бір баласын, қаланың екі баласын тойғызады» деген  сөздерін еділбай қойының басын ұстап, кұлағын жеген соң ғана түсіндім. Сабақтан босай қалсақ, қаланы аралап, көрнекі жерлерін көріп, жерлестермен, курстастармен кездесіп, киноға барып, туған күндерді атап өтіп, әйтеуір, бос уақыт қалдырмайтынбыз. Кейін де мұндай қызықты сәттерді тірлікте көп көрдік қой, бірақ жастық, студенттік кездегі достармен, курстастармен бірге жүргенге ештеңе жетпейді екен. Қайран жастық деңіз. Төрт адам бір бөлмеде күніне бір сомның тамағын бөліп жеп, бірге жүріп, бірге тұрдық. Көрші бөлмеге қонаққа барасыз, туған күн кештерін жасап, топ болып әңгіме-дүкен құру  сол керемет шақтың ғажайып сәттері тәрізді. Көкірек көзіңіз ашылып, жаңаша өмір сүресіз, достармен топ болып жүргенді ұнатасыз. Жатақхана екінші үйіңізге айналады, айналаңыздағы адамдар, тіпті бүкіл жатақхана көмек  көрсетуге әзір тұрады десем, өтірік емес. Уақыт өте келе сағына еске алатын дәл осы  шақ болмақ. 1973 жылы біз оқуды аяқтаған кезде  Орал қаласының орталығындағы қазіргі өлкетану мұражайы бас корпус – ректорат, педагогикалық колледж зооинженерлік факультет ғимараты болды. Сол жылдары  Зашаған ауылында жаңа студенттік қалашықтың іргетасы қаланды. 1975 жылы екі корпус – мехфак, агрофак, екі жатақхана салынып, бізді сол қалашыққа көшірді. Жазда оқу ордамыздың кұрылысын жалғастыруға студенттік құрылыс жасағы құрылды. Сағына еске түсетін кезең – «Сұңқар» студенттік құрылыс жасағы қозғалысы. Жазғы еңбек семестрінде студенттер бос жүрмей, еңбек ететін. Олар қаржы тауып, ата-анасына салмақ салмай, өздері тапқан ақшаға киініп, оқу құралдарын сатып алатын. Отряд құрамындағы студент командир, комиссар, жауынгер атанып, арнаулы форма киіп, тәртіпке бағынатын, тәртіп бұзғандарды отрядтан шығарып, оқу орнына хабарлайтын. Студенттік құрылыс жасақтары қалашықтың құрылысын жалғастыруға, қазіргі кездегі  бас корпус  – ректоратты, жатақхана және зоофак ғимараттарын, инфрақұрылым нысандарын салуға үлес қосты. Осылайша студенттік шақ көзді ашып-жұмғанша өте шықты.

1978 жылғы 28 маусымда институт ректоры Б. Шахтың №87 бұйрығына сәйкес 56 студент зооинженер мамандығының иесі деген диплом алдық. Көптеген курстасымыз колхоз, совхоз басшылары, шаруашылық мамандары, аудандық, облыстық деңгейдегі кәсіпорын жетекшісі болды. Институт қабырғасында алған жоғары біліміміз бізге жеке тұлға, маман, басшы ретінде қалыптасуға мүмкіндік берді, алған біліміміз экономиканың түрлі салаларында жұмыс істеуге, болашақты әріден ойлауға, тереңірек талдау жасауға көмектесті.

Қазақ даласына білім дәнін себуші, ұлы реформатор Жәңгір хан есімін иеленген білім ордасы 60 жылдың ішінде білім мен ғылымды ұштастырған қуатты орталыққа айналды. Кешегі кеңестік дәуірде де, бүгінгі тәуелсіздік туын желбіреткен егеменді еліміздің өркендеуі жолында да жемісті еңбек етіп жатқан, бәсекеге қабілетті ғалымдарымыз бен университет түлектері баршылық. Олар батыс өңірінде ғана емес, Қазақстанның барлық аймағында, шетелдерде түрлі салада қызмет етіп, өмірге жолдама берген қасиетті қара шаңырақтың мерейін үстем  етуде.

Университеттің мерейтойы қарсаңында зооинженер факультетінің 1978 жылғы түлектерінің атынан жоғары оқу орнына алғысымды білдіргім келеді. Ортамызға, ұстаздарымызға, достарымызға рақмет айтамыз. Өмір бізді әр аймаққа ғана емес, тіпті түрлі елге шашыратып жіберсе де, қашанда кездесуге, бірге әңгіме-дүкен құрып,  шай ішуге пейілдіміз. Бізге білім берген ұстаздарымыздың көбі өмірден озды, курстастарымыздың арасы сиреп барады. Осыдан 5 жыл бұрын Орал қаласында кездескенімізде, курстастарымызбен жыл сайын басқа қалаларда бас қосып тұрамыз деп ұйғардық.

Құрметті ұстаздар, курстастар, сіздерге еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің құрылғанына – 60 жыл,  танысқанымызға – 50 жыл, институт бітіргенімізге 45 жыл толуына орай мерейлі мерекелеріміз құтты болсын деймін.

Шамшиден Мұқашев,

Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институты

зооинженер факультетінің 1978 жылғы түлегі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале