19.05.2023, 21:46
Оқылды: 99

Стадионда – мемқызметшілер

Бүгін Орал қаласындағы  П. Атоян атындағы стадионда ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орайластырылған мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті.

баха

Спартакиада бұқаралық спортты дамыту, мемлекеттік қызметшілерді спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, олардың спорттық шеберліктерін шыңдау және іскерлік байланысты нығайтуды мақсат етті.

– Мемлекеттік қызметшілер – қоғамның алдыңғы буын локомативі, авангарды. Мемлекеттік қызметшілер – мемлекеттік саясатты, бағдарламалар мен жобаларды жүргізетін ең басты күш. Сондықтан олар қай салада қызмет етсе де үлгілі ісімен алдыңғы қатарда болуы керек. Соның ішінде салауатты өмір салтын ұстануы да маңызды. Спартакиаданы жыл сайын өткізілетін үлкен мерекелік іс-шара деуге болады. Осы спорттық дода барысында аудандардан келген әріптестеріміз бір-бірімен танысып, достық, іскерлік байланыс орнатады. Бұл таныстық олардың  қызмет барысында өзара тәжірибе алмасуларына да мүмкіндік береді. Былтыр Петропавл қаласында мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадада біздің облыстың мемқызметші-спортшылары бірінші орынға ие болды. Биыл Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласында өтетін республикалық спартакиада да Батыс Қазақстан облысы мемқызметшілерінің жеңімпаз болуын тілеймін. Өңірде спортты дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Спортқа қамқорлық  ұлттың болашығына деген қамқорлық деп есептеймін. Барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов. Сайысқа келген мемқызметшілерге сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Мұрат Байсалов, «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлейменов жүрекжарды лебіздерін білдірді.

баха1

Спартакиаданың салтанатты ашылуынан соң, сайысқа қатысушылар арқан тартыс ұлттық ұйынынан сынға түсті. Нәтижесінде Қаратөбе ауданы әкімдігінің командасы 3-орын, Казталов ауданы әкімдігінің командасы 2-орын, ал Бөрлі ауданы әкімдігінің командасы 1-орын алды.

Айта кету керек, аталмыш спартакиаданың алғашқы ойындары мамырдың 12-13 күндері аралығында өтті. Онда мемқызметшілер  шахмат, асық ату және бес асық, үстел теннисі, шағын футбол, жеңіл атлетика, баскетболдан өзара мықты командаларды анықтады. Ал мамырдың 18-20 күндері қол күресі, волейбол (ерлер мен әйелдер), қазақ күресі, жүзу, президенттік көпсайыс, арқан тартыс және бильярд спорт түрлерінен сынға түседі. Жарыстың бас төрешісі – Асхат Шайхиев. Жыл сайын өтетін бұл додада 1000 астам мемқызметші қамтылады.

Айна Имашева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале