Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 8-тур ойынын «Ақжайық» Алматыда жергілікті «Қайрат-Жастар» командасына қарсы өткізді.
Премьер-лигаға шығуды мақсат еткен оралдық команда өткен турда күтпеген жерде оңтүстікқазақстандық «Арыстаннан» 0:1 есебімен жеңіліп қалған-ды. Сол себепті «Ақжайық» бұл жолы «Қайрат-Жастардан» ұтылмақ түгілі тең ойнағанда да қалың жанкүйер кешірмес еді.
Ойын басынан Игорь Прохницкийдің шәкірттері алаңда толықтай үстемдік етті. Негізгі құрамға көп ене бермейтін Бекзат Иманғазеев сол қапталды толықтай бақылауына алса, қорғанысты Мирам Сапанов пен жас пері Роман Божко құлыптады. Басты қақпашы Радион Сямукты алмастырған оралдық жас ойыншы Мақсат Арыстанов қақпасына ұшқан әр допты сәтті қайтарып, алаңдағы әріптестерінің сенімділігін арттырды.
Жастар командасынан биыл ғана ауысқан Мақсаттың ерлігінен рухтанған украиналық Микола Агапов әр шабуылды соңына дейін жеткізіп, хет-триктің авторы атанды. Тағы бір голды Евгений Кобзарь енгізді.
4:0 есебімен жеңіске жеткен «Ақжайық» 16 ұпай еншілеп, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Енді «Ақжайық» келесі матчын өз алаңында маусымның 1-і күні «Астана М-ға»қарсы өткізеді.
Түгелбай Бисен
zhaikpress.kz