22.05.2023, 17:58
Оқылды: 42

Жаһанша жерленген полигонның топырағы "АЛЖИР" кешеніне қойылды

Сырым ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Астана қаласында “Алаш күндері” өтіп жатыр.

Кеше бас қаладағы музыкалық жас көрермен театрында белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Бауыржан Ширмединұлының “Ақ  киіз” тарихи драмасы сахналанғанын жазған едік. Қоюшы режиссері - Алмат Шарипов.​

99A1ECEE-772D-4DD0-9F84-127FE69344F4

Бүгін Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылындағы тоталитаризм құрбандарына арналған “АЛЖИР” мемориалдық - музей кешенінде “АЛАШОРДАНЫҢ БАТЫС БӨЛІМІНІҢ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ЖОЛЫНДАҒЫ КҮРЕСІ” атты республикалық ғылыми - тәжірибелік конференция өтті.​

2017 жылы белгілі алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменова, өлкетанушылар Айнагүл Ойшыбаева, Серік Зиятовтар “Жымпиты - Мәскеу” экспедициясы аясында Жаһанша Досмұхамедовтың 1938 жылы 3 тамызда Мәскеу маңындағы Бутова полигонында атылғанын анықтаған еді. Сол сапарда экспедиция мүшелері Жаһаншаның жатқан жеріне туған даласынан апарған топырақты салып, қабірстаннан бір уыс топырақты кері алып қайтқан. Бүгін арыс жерленген полигонның топырағы “АЛЖИР” мемориалдық - музей кешеніне қойылды.

IMG_20230522_175113

Капсуланы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтен кешен директоры Самат Тергембаев қабылдап алды.​

IMG-20230522-WA0176

Сырым ауданында С. Датұлы атындағы музей ұйымдастырған “Алаш оқулары” байқауының жүлдегерлері жалынды жырларын қасиеттің киесі, қасіреттің күйесі жұққан “АЛЖИРДІҢ” қабырғасында тұрып оқыды.​

Салтанатты рәсімнен кейін Жымпитыдағы Алаш музейінің ең құнды жәдігері - Алашорданың жасыл туының астында ғалымдар конференциясы басталды. Оған белгілі алаштанушылар - Өмірзақ Озғанбай, Тұрсын Жұртбай, Дәметкен Сүлейменова және батысқазақстандық тарихшы, ҚР Президентінің жарлығымен құрылған қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс тобының мүшесі Альфия Байбосынова қатысты.​

Түсте сырымдықтар Алаш арыстарының рухына арнап ас берді.​

Б. Мұстафа,​

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале