23.05.2023, 17:44
Оқылды: 205

БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев: «Спортты сүйемін, артық салмаққа жол бермеймін»

Бүгін БҚО Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев брифинг өткізді. Брифингте жаңа басшы алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жеке басы туралы да айта өтті.

B621A71F-963E-42FF-AD45-53D754F3AD06

Жаңа басшы туралы не білеміз?!

Арман Оразалиев – опер, яғни жедел уәкіл. Талай күрделі операцияларға қатысқан. Полковник! Көпбалалы әке. 

Генерал-майор Молдияр Оразалиевтің баласы. Әкесі ұзақ жылдар ішкі істер саласында қызметте болған.

– Мен жас күнімде мотоцикл айдағанды жақсы көрдім. Үнемі мотоциклмен жүретін едім. Бос уақытымда атпен шауып, кейде серуендегенді жақсы көремін. Бірақ қазір мүлдем уақыт жоқ. Біздің жұмыста атқа шабамын деп далаға кетіп қала алмайсың, кез-келген уақытта іздеп қалуы мүмкін ғой, - деді өзі туралы баяндаған Арман Оразалиев.

Департаментке күні кеше келген су жаңа бастық артық салмақты ұнатпайтынын айтты.

– Мен үнемі спортпен айналысамын. Спортты тастаған емеспін. Жалпы біздің жұмыста спортпен айналысу талап етіледі. Артық салмаққа жол бермеймін, артық салмағым болса ел алдына қалай шығамын, ұялар едім, - деді өз сөзінде департамент бастығы.

Арман Оразалиев Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Шымкенттік.

Журналистер жаңа бастықтың қызметтегі мансабы туралы сұрақ қойды.

Арман Оразалиев ол туралы былай деп баяндады:

«Мен негізі опермын. Яғни, жедел уәкіл. Талай қылмыстық істер бойынша операцияларға қатысқанмын. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ қажет болса осы жұмысымда да қылмыстық іске топты бастап баруға дайынмын».

Бұдан бөлек департамент басшысы итті, мысықты да жақсы көретінін айтты. «Үйде балалар үшін ұстаймыз, кейін өзіміз де жақсы көріп кеттік, - деп күлді Арман Оразалиев.

D4EB0F43-EFD5-4D74-BA50-CD7F4BC905DF

Брифингте журналистер бастықты сұрақтың астына алды. Бағымызға орай, басшы тілшілерге ашық адам екен, ерінбей әр сұраққа жауап берді.

– Белгіленген заң аясында жұмыс істей береміз ғой, бірақ департамент жұмысына жаңа бағыт, жаңа леп беремін деп ойлаймын. Мен алдымен мал ұрлығымен күресті күшейтемін. Қазір мал ұрлығы жиі тіркелетін төрт ауданға талдау жүргізіп жатырмын, қажетті жұмыстарды жасайтын боламыз. Интернет алаяқтығының алдын алуымыз керек. Балалардың қатысуымен болатын қылмыстар, оларға жасалатын қылмыстармен күресуге күш саламыз, - деп қорытындылады өз сөзін полиция полковнигі.

Брифинг соңында Арман Оразалиев біздің қала туралы «Маған Орал ұнап жатыр. Әсіресе көшеде кептеліс жоқ, еркін қозғаласың», - деді.

Айта кетейік, қаңтар оқиғасы кезінде Арман Оразалиев ешқандай қызметте болмаған.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале