"2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алатын 11,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 6,6 мың адам, қоғамдық жұмыстарға – 3,6 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 895 адам, жастар практикасы арқылы 50 адам жұмысқа орналастырылды. Оқытумен 66 адам қамтылды, 246 АӘК алушыға кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдем көрсетілді", - деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын – өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз, ҚР-да тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар АӘК алуға құқылы. АӘК мөлшері осы көрсеткіш пен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс арасындағы айырмашылықты құрайды.
АӘК шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек – құрамында еңбекке қабілетті адамдар жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға, мүгедектігі бар балаға, I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж қарттарға күтім жасауды жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартты ақшалай көмек – құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға көрсетіледі. Бұл ретте олардың жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына белсенді қатысуы міндетті шарт болып табылады.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 94,2 мың отбасындағы 494,3 мың адамға АӘК тағайындалды.
Шартты ақшалай көмекті еңбекке қабілетті алушылардың құрылымында – 124,8 мың адам, оның ішінде 72,7 мың адам өтініш берген кезде жұмыс істеген, 282 адам тәуелсіз жұмыскерлер, 44,4 мың адам күтіммен айналысқан, 7,4 мың адам жұмыссыз болған.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Әлеуметтік кодексінің новеллаларының бірі атаулы әлеуметтік қолдауды күшейту болып табылады, ол алдымен әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу үшін атаулы шараларды, содан кейін ғана әлеуметтік тәуекелдердің салдарымен күресуге бағытталған атаулы көмекті көздейтін болады. Атаулы шараларды көрсету қажеттілігі мемлекеттік органдардың барлық қолданыстағы ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде азаматтардың әлеуметтік мәртебесі мен әл-ауқатының дәрежесіне сүйене отырып, отбасының цифрлық картасымен автоматты түрде айқындалатын болады.
Бұл ретте Әлеуметтік кодексте балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көзделген: бала күтімі бойынша төлемдердің мерзімін 1,5 жасқа дейін ұзарту; АӘК алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау; «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған әйелдерге наградталған ана мәртебесін беру және жәрдемақы мөлшерін саралау; азаматтардың жекелеген санаттары үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшерін ұлғайту