25.05.2023, 11:46
Оқылды: 61

Ауылға жаны ашитын шаруақор азамат көбеюде

 

Ауылдарда белсенді қызметімен көзге түсетін жергілікті қауымдастықтар енді көбейеді. Себебі ауылды дамыту үшін қаржы бөле бастаған агроқұлымдар біртіндеп артып келеді.       

Раздольный, Чиров, Құрманғазы, Сұлукөл ауылдық округтерінде өткен есептік кездесу кезінде осы жайттар да сөз болды. Мәселен, «Агросервис Батыс» ЖШС биыл үшінші жыл қатарынан Сұлукөл ауылының ішкі сұранысын өтеу мақсатында қаржы бөліп келеді. Аталмыш серіктестік бөлген қаржы (2021 жылы - 5 млн теңге, 2022 жылы - 10 млн теңге, 2023 жылы - 20 млн теңге) қауымдастық мүшелерінің шешімі бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалуда. Ауыл әкімі Жаслан Қойшыбаев баяндамасында атап өткендей, биылғы бірінші тоқсанда «Агросервис Батыс» ЖШС жергілікті мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ (ПСД) дайындауға 6 млн теңгеге жуық қаржы бөлген. Биылдан бастап бұл шаруашылық осындай мақсатқа Сұлукөлмен көршілес орналасқан Чиров ауылына 5 млн теңге қаржы бөлуді ұйғарған. Есептік кездесу кезінде мұндай жаңалықты естіген чировтықтардың қуанышында шек болған жоқ.

IMG-20230525-WA0023

Раздольныйда «Достық» шаруа қожалығының ұйытқы болуымен ауылды дамыту бағытында көптеген игі іс істелуде. Мұнда да жергілікті қауымдастықтың жұмысы белсенді.

- Жыл басынан басынан бері жергілікті қауымдастық және қоғамдық кеңес мүшелерімен 3 мәрте кеңес өткізілді. Онда жергілікті бюджетті бекіту, санитарлық тазалықты сақтауға мониторингтік топ құру, ауылдағы өзекті мәселелерді талқылау және мал бағымын ұйымдастыру жайы талқыланды. Осы кеңес барысында «Таза көше» және «Ең үздік аула» байқауын қайта жандандыру ұсынылып, ол қолдау тапты, - деп баяндады Раздольный ауылдық округінің әкімі Болат Ерболатов.

IMG-20230525-WA0030

Құрманғазыдағы «Хаменское» ЖШС ауылдағы өзекті мәселелерді шешуге өзіндік үлесін қосып келеді. Есептік кездесу барысында серіктестік басшысы Александр Лихачев ауылда жастардың отбасын құрмай жүргеніне алаңдайтынын да білдірді. Мәселен өзінің шарушалығында қызмет ететін 27 жігіттің 9-ы бойдақ. Сол себепті ол үйленетін жігіттерді қаржылай қолдауға, тіпті құда болып баруға да дайын екенін жеткізді.

IMG-20230525-WA0029

Аталмыш ауылдық округтардың тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімі Марат Тоқжанов елге жаны ашып, ортақ мүдде, ауылдың дамуы үшін тер төгіп жүрген шаруақор азаматтарға ризашылығын білдіріп, жергілікті қауымдастықтардың жұмыстарын жоғары бағалады.

Аудандық «Ауыл тынысы» газетімен тығыз байланыс орнатып, көпшілікті мерзімді баспасөзге жазылуға үндей білген Құрманғазы ауылдық округі әкімі Әдемі Жұманиязова «Жайық Пресс» ЖШС-ның арнайы сертификаты табысталды.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале