19.06.2023, 17:44
Оқылды: 18

Қылмыстық істер электронды түрде жүргізіліп жатыр

 

Бәйтерек аудандық полиция бөлімінен алған мәліметтерге қарағанда, қылмыстық істі цифрландыру – дәлелдемелерді жинақтау рәсімін оңайлатуға, процессуалдық құжаттарды құрастыруға, сот органдарының материалдық шығындары мен жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

ЖП (4)

Құқық қорғау саласы өкілдері цифрландыру технологиясын дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан электронды қылмыстық істер осы бағыттағы жұмыстың барлық кезеңін, яғни, қылмысты тіркеуден бастап, оны тергеу барысы мен үкімнің орындалуына дейін қамтитынын, әрі жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері барлық әкімшілік хаттаманы электронды форматта толтырып, хаттамалар базасына енгізуде едәуір уақытты үнемдейтінін айтады.

ЖП (5)

- Қазіргі таңда қылмыстық істерді электронды түрде жүргіземіз. Аудан бойынша 265 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Техникалық база да біртіндеп жаңаруда. Айта кетелік, былтыр осы мерзімде 234 қылмыс тіркелсе, қазіргі таңда 114 қылмысқа төмендеп отыр. Ашылу пайызының да өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіші жоғары. Аса ауыр қылмыстың ашылуы 100 пайыз. 2022 жылы екеу, биыл аса ауыр үш қылмыс орын алды. Ал ауыр қылмыстардың ашылуы былтыр 72,1 пайыз болса, қазір 73 пайызды құрады. Ауданда ұрлық дерегі жиі кездеседі. Оны саралап көрсетсек, былтырғы есептік мерзімде 99 іс тіркелсе, қазіргі таңда 49-ға азайған. Ашылу қарқыны да көңілге қонады. Өкінішке орай мал ұрлығы қылмысында ашылмаған істер бар. Бұл бағытта күні бүгін жұмыстану үстіндеміз. Осының қатарына интернет алаяқтық та кіреді. Өткен жылы 19, қазіргі кезеңде 6 дерек тіркелді. Халықтың құқықтық, қаржылық сауатын арттыру мақсатында біздің тарапымыздан түсінік жұмыстары жүргізіліп, әлеуметтік желілерге ақпараттық мәліметтер жиі орналастырылады. Бұл бағыттың бір осал тұсы электронды ақша криптовалюта, биткоинға айналғаннан кейін оның қозғалысын бақылау қиын. Құқық қорғау органдары сандық технологияның игілін сезініп, іс оң нәтиже берген сайын алаяқтардың да айласы түрленуде. Сол себепті халықты абай болуға шақырамыз, - дейді Бәйтерек аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Төребек Маратов.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале