Бәйтерек ауданына БҚО ардагерлер ұйымының өкілдері келді. Ұйым төрағасы Мақсот Берген бастаған төралқа мүшелері бәйтеректік әріптестерімен кездесті.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев мәртебелі меймандарға «қош келдіңіздер» деп айтқан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, ауданда 8836 зейнеткер болса, соның 345-і тыл ардагері. «Ардагерлерді ардақтайық!» жобасы аясында ардагерлер қоғамдық өмірге белсене араласып, жас толқын тәрбиесіне атсалысуда. Трекин, Өркен ауылдарында ақ жаулықты әжелер қыз-келіншектерге жүн түтіп, ұршық иіруді үйретуді қолға алған.
Одан әрі сөз алған Мақсот Берген БҚО ардагерлер ұйымының мақсат-міндеттеріне, аға буынның қоғамдағы орнына тоқталды. Ардагерлер кеңесі билік пен халық арасындағы алтын көпір іспеттес екенін айтып, замандастарын Мемлекет басшысының саясатын саралап, халыққа жеткізуге, ұйымшылдықпен іс атқаруға шақырды. Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшесі Рауза Абылаева ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелерді ортаға салып, халықты әлеуметтік қолдау, партиоттық тәрбиені жандандыру, қоғамдық этика жайын сөз етті.
Жиында облыстық, аудандық арадагерлер ұйымдары бірлескенде жұмыс жүйелі жүретіні айтылып, кемшіліктермен күресу, бала тәрбиелесіндегі түйткілдер жайы қозғалды. Сондай-ақ жастарды дала төсінде еңбектенуге тартып, механизаторлар даярлау ісінде де ардагерлердің бай өмірлік тәжірибесі жарқын үлгі екенін жеткізді.
Келелі басқосуды түйіндеген Ерлан Ғалиев көтерілген мәселелердің өзектілігіне тоқтала келе жергілікті атқарушы билік құрылымдары тарапынан ардагерлер кеңесінің жұмысын жандандыру үшін қажет қолдаулар жасалатынын атап өтті. Жиын барысында ардагерлер өздерін толғандырған сауалдарға тұщымды жауаптар алды.
Гүлнар Тасболатқызы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz