23.06.2023, 11:00
Оқылды: 54

Жедел уәкіл жұмыс үстінде…

Оның қызметтік формасы кабинетінде ілулі тұр. Ел ішінде күнделікті киіммен жүреді. Көзге тұрпайы көрінер деп, қаруды да асынбай, сейфке тастап кетеді. Оның қаруы - көз бен жүрек. Аңдиды, болжайды, сезеді. Міне, жедел уәкілдер осылай қызмет жасайды. 
fbfa317f-5e83-4d16-bc50-8af3fc32ef85
16 маусым күні кезекші бөлімнің телефоны шалдыр етті. Шолақаңқаты ауылдық округі, Қарағанды елді мекені маңында өрістен күрең сиыр жоғалыпты. Сойып алып кеткенге ұқсайды. Далада малдың ішек-қарыны жатыр. Оқиға орнына Сырым аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері жетті.
Мал жеке тұрғынға тиесілі екен. Аулаға қамамай, түнде де жайылымда қалдырыпты. Ұры соны өте ұрымтал пайдаланған.
Сырым аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция аға-лейтенанты Армат Ихсанов мал қолды болған маңайда жүр.
- Қылмысты кім жасады? “Қасапшылар” кәсіби түрде қимылдаған ба?! Олардың қателік жібермеуі мүмкін емес. Ілік шығуы тиіс, - деп ойланды төңіректі шолып. Серігі, жедел уәкіл Азамат Хасановпен ақылдасты.
Көп ұзамай айналадан бөтен көліктің ізі көзге шалынды. Дәу де болса, мал сойылып, ет бөлшектеніп осы көлікпен жөнелтілген. Із кесу басталды.
Жедел уәкілдер бірер күннің ішінде көліктің иесін анықтады. Қырықтан асқан орыс азаматы болып шықты.
Ол өзінің тек жүргізуші екенін, жолбастаушы басқа жанның болғанын мойындады. Серіктесі бұрын сотталған болып шықты. Екеуі де қылмыстарын мойындады. Аңқаты бойына балыққа келіп, қараусыз жүрген малға көздері түскен. Оралға барып, “олжаларын” алу үшін кері оралған. Сиырдың терісі мен сирақтарын қай жерге лақтырғандарын да көрсетті.
Екі ұрының әріптестігі ҚР Қылмыстық кодексінің 188 бабы, 2 бөлімі бойынша қылмыстық топ деп танылды. Іс сотқа жолданды.
Міне, “он бірінші кабинеттің” жігіттерінің бір күні осылай өтеді.
Органдағы қызметін қатардағы күзетші, көлік жүргізуші болып бастаған Армат табанды еңбегінің арқасында қадірлі кадрға айналған.
Жуырда Бұлдырты ауылдық округінде болған қылмысты ашуда да Арматтың білім-білігі басты рөл ойнады. Трактордың темір тіркемені кесіп, бөлшектеп ұрлағандардың адымын аштырмай, қылмыс үстінде қолға түсірген әріптесі туралы Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ринат Серіков жылы пікірде.
Полицияның кәсіби мерекесі қарсаңында Арекеңдей жігіттерді оқырманға таныстыруды жөн көрдік.
Бауыржан Ширмединұлы, 
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале