29.06.2023, 15:15
Оқылды: 21

Туризмді дамытар ақпараттық тур

«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның бастамасымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетінің, жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен Батыс Қазақстан облысында ақпараттық тур басталды.

20230628103850_IMG_1302

Алғашқы күні облыс орталығындағы тарихи, мәдени-көпшілік орындарына қызығушылық танытқан, еліміздің Астана, Алматы қалаларынан келген журналистер мен блогерлер Ақжайық, Казталов, Бөкей ордасы аудандарының тыныс-тіршілігімен танысты.

Елімізде соңғы уақытта туризм саласы қарқынды дамып келеді. Дегенмен Батыс Қазақстан облысының туристік әлеуетін дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр. Бұл мәселені  «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» ЗТБ директоры Айболат Құрымбаев та жиі көтеріп, ұсыныстарын айтып жүр. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-ның бастамасымен ұйымдастырылған ақпараттық турдың өңірімізде жүзеге асырылуына да себепкер болған азаматтың бірі.

20230628111923_IMG_1307

Хош. Журналисттер мен блогерлер өңірімізге жасаған іс-сапарларының екінші күнін Ақжайық ауданынан бастады. Мұнда азамат соғысының батыры В.И.Чапаевтың мемориалдық мұражайымен танысты. Содан соң «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарушы директоры Даниел Сержанұлы, компанияның туристік өнімдерді дамыту департаментінің менеджері Томирис Аяпбергенова,  «Atameken Business» арнасының продюсері Ернар Тайжан, оператор Елдар Тайжан, белгілі журналист әрі блогерлер Дина Төлепберген, Ілияс Рашитов, Елена Гурина, блогерлер Әсет Мырзабаев, Айдос Сиражиден, Александр Габченко, Ербол Теңелбаев, Әйгерім Орынбасар, Дана Мейірманова, оператор Марат Ищановты Казталов ауданында аудан әкімінің орынбасарлары Ғаділбек Әлібекұлы, Зәйлім Исатайқызы, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Бақтиярұлы және аудан өнерпаздары ыстық ықыласпен қарсы алды.

Казталов ауданында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін ауылдың тыныс-тіршілігі мен ұлттық тағамдары, ұлттық құндылықтарымыз, төрт түлігіміз және дала еркесі ақбөкендердің өмір сүру ерекшелігі қызықтырды.

20230628092433_IMG_1291

 «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарушы директоры  Даниел Сержанұлының айтуынша бұл компанияның алғашқы ақпараттық туры.

- Елімізге белгілі журналистер, блогерлер, жалпы медиа саласы мамандарының қатысуымен алғаш рет ақпараттық тур ұйымдастырып отырмыз. Турдың алғашқы бағытын Батыс Қазақстан облысынан бастадық. Мақсатымыз – өңірдің туристік әлеуетін арттырып, еліміздегі туризм саласын дамыту. Біз бұл сапарымыз барысында тек облыс орталығымен ғана шектелмей, шалғай аудандардың да тыныс-тіршілігімен, табиғатымен, туристік әлеуетімен танысуды жөн көрдік. Тур барысындағы тың мәліметтер мен медиа саласы мамандарының әлеуметтік желіде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдары арқылы еліміздің өзге өңірінің тұрғындары мен шетелдіктердің де Батыс Қазақстан облысына деген қызығушылығы артады деген сенімдеміз, - деді ол.

Журналистер мен блогерлер де өңіріміздің туристік әлеуетін жоғары бағалап, шетелден іздегенді елден де табуға болатындығын атап өтті. Мәселен, блогер Әйгерім Орынбасар өзінің instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында (@aigerim.orynbassar) жариялаған жазбасында «Алдымен постты бастамас бұрын, осы батысымызда Грузияда, Түркияда, Дубайда бар жерлерді таптым. Егер Батысқа келсеңіз үш мемлекетті де көргендей боласыз. Өз жеріміз өте әдемі екенін қайталаудан жалықпаймын», - деген. Блогер ақпараттық тур жөнінде және парақшадағы жазбасына қатысты пікірімен бөлісті.

- Менің блогерлік жолым 2020 жылдан басталды. Бірақ наурыз айынан оқырмандар саны көбейе бастады. Туризм бағытын таңдаған себебім, көп адамды «саяхат» бұл қымбат деген ойдан арылтып, тиімді саяхаттауға болатынын дәлелдеу. Казталов ауданы ең алдымен қонақжайлылығымен бізді таңқалдырды. Парақшадағы жазбаға қатысты айтар болсам, Түркияда Балат деген аудан бар. Ол жерде түрлі-түсті үйлер орналасқан. Оралда да, Казталовта да түрлі-түсті реңктегі қоршаулар мен үйдің шатырының түсі, оның ашық түсті бояулармен боялуы ұқсас. Негізі көп ауылда шатыр да, үйдің қоршауы да сұр түсті болып келеді ғой. Ал мында түрлі түсті, әдемі. Грузияның Тбилиси қаласында Арагви деп аталатын өзен ағады. Сол өзеннің түсі қоңыр түсті және оның үстінде де дәл осылай, яғни Жайықтағыдай яхтамен жүзуге болады. Үшіншісі Дубайға ұқсатқаным Батыста араб еліндегі Сафари турын сездіретіндей ақ құм бар. Сол құм Дубайда өте танымал, адамдар оған келіп құмның үстінен серфинг жасайды. Бұл құмда сондай сияқты. Денеге жұқпайды және ыстық, - деді блогер.

Ал белгілі журналист Дина Төлепберген instagram stories (@dina_tolepbergen) «Жол жөнекей Казталов ауылынан өтіп едік. Ерекше ілтипатқа бөлендік. Еңбегімді елеген еліме көп рахмет!» және «Елдің мұңын жеткізген біздерге ел өзінің әнін сыйлады. Осыдан асқан сый болуы мүмкін бе?! Тағы да мереке құтты болсын!», - деп ризашылығын білдірді.

20230628101600_IMG_1296

Казталов ауданы әкімінің орынбасарлары Астана және Алматыдан келген қонақтарымызға ризашылығын білдірді, жылы лебіздерін жеткізді. Сонымен қатар ауданымыздың тарихы, мәдениеті, әдебиеті, туристік әлеуеті жөнінде ақпараттарымен бөлісті. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы ақпараттық тур жетекшісі Даниел Сержанұлына ауданымыздың брендіне айналған, жеті кереметіміз бейнеленген картинаны сыйға тартты.

Қосөзен еліндегі ақпараттық тур барысында медиа саласының мамандары ақбөкеннің миграциясын бақылап, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының және «Охотзоопром ӨБ» республикалық мекемесі қазыналық кәсіпорнының Батыс өңірлік филиалының жұмысымен танысып, мамандармен сұхбаттасты.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале