10.07.2023, 12:45
Оқылды: 37

Еңбекпен тапқан нан тәтті

Адам баласы өмірге келген күннен бастап еңбекпен тығыз байланыста болады. Еңбек дегеніміз – бойымыздағы күш-қуатты пайдалану. «Баланы – жастан» деп, еңбекке баулу ұлттық болмысымызда қалыптасқан. Бала тәрбиесіне, жастар жетілуіне  мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінеді. Сондай тәрбие көзінің бірі – «Жасыл ел» жобасы.

image-05-07-23-10-14 (2)

«Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті - жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақ отбасылық бюджетті толықтыруға мүмкіндік алып қана қоймай, сонымен бірге әлеуметтік өзара іс-қимыл дағдыларын игереді, өз бойында қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырады.

2005 жылдан бері, жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары туған ауылын көркейтуге атсалысып, еңбек етеді.

Биыл да сол үрдіспен жинақталған «жасылелдіктер» Теректіде «еңбек айлығына» кірісті.

100 адам қатысады

- Жыл сайын жазда «Жасыл ел» жасағы күшімен ауылдарды көгалдандыру жүргізіледі. Тынымбақтарға күтім жасайды. Ауыл тазалығын сақтайды. Және де, өзі баптаған тал-теректі ешкім сындырмауына, жинаған көшесіне  қоқыс лақтырмауына мүдделі болады. Сол арқылы қоғамда өзін-өзі ұстау мәдениеті қалыптасады, жастардың Отанға, жерге деген махаббаты, патриоттық сезiмі оянады. Ең бастысы – жастар бос уақытын еңбекпен, тиімді өткізуге бейімделеді,-дейді аудандық жастар ресурстық орталығы басшысы Нұрсұлтан Кәдірғалиев (фотода).

2 нурсултан

Былтыр ауданда «Жасыл елде»  80 жас еңбекке араласқан екен.  Биылғы жоспар -  жүз адам.  Олар Подстепное, Шағатай, Ақжайық, Шаған ауылдық округтерінде екі кезеңде жұмыс жасайды.  Негізінен студенттер мен мектеп оқушыларынан құрылатын жасақ қатарына  16 мен 35 жас аралығындағы жастар қабылданады.

- Ауданымызда «Жасыл ел» жасағына  қатысуға  жастардың сұранысы бар екені көңіл қуантады. Қазіргі таңда жасөспірімдердің еңбекке деген құлшынысы ерекше, жұмысқа бар ынтамен кірісетін жастар көп. Сондай жандардың арқасында округтерде жылдағыдай жұмыс жасағы құрылды. Алдағы жылдары бағдарламаға қатысушылар санын көбейту ойда бар. «Жас келсе іске» демекші, жастар сұранысына қолдауды аямаймыз.

Президентіміздің жастарға үлкен жауапкершілік жүктеп, нақты істерге жол ашып отыр. Осы мүмкіндікті  пайдаланып, бізде аудан жастарын еңбекке баулу парызымыз деп білеміз, - дейді Нұрсұлтан Жасұланұлы.

Жастарға ыңғайлы жасақ

Облыс орталығы Орал шаһарына тиіп тұрған Подстепное ауылдық округі тазалық сақтауда  жұмыс күшін көп қажет ететін аумақ.

Өңірге келген қонақтар әуежайдан түсе сала Подстепное ауылы ортасымен жүріп өтеді. «Театр киім ілгіштен басталады» демекші, жалпы облыс жайындағы пікір-әсерін осы Подстепное ауылынан бастап жинақтайтыны рас.

image-05-07-23-10-14 (5)

Сондықтан ауыл тазалығы  үшін еңбектенетін жандар керек-ақ. Осы жерде «жасыл елдіктердің» пайдасы ұшан-теңіз.

Бүгінде жасақ қатарында еңбек етіп жүрген Подстепное ауылдық округінің тұрғыны Жаннұр Қайыржан - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінің  студенті. Белсенді жастың бірі.

- «Жасыл елде» жұмыс жасау мен секілді студенттерге өте ыңғайлы. Қалтаға ешқандай салмақ салмайды. Биылғы демалысымды  құр босқа  өткізбей, жұмыс жасаймын деп ойлап едім. Алдымнан осы жұмыс шыға келді. Ойланбастан ауылдың абаттануы мен тазалығына үлес қосамын деп шештім. Осындай керемет жобаның жыл сайын жалғасын табуына тілекшімін. Ауыл жастары қалада сенделмей, әрекет етуге таптырмас іс. Күнделікті  көгалдандыру жұмысынан бөлек, жасы егде тартқан қарияларға көмек көрсетеміз. Олардың батасы мен ақ тілектерін естіп, көңілді қайтамыз. Үлкеннің батасын алудан асқан не бар, - деп өз ойымен бөлісті Жаннұр.

 

Үлкен өмірге баспалдақ

 

Жастарды жұмысқа тартуды қолдайтын жандардың бірі Ақжайық ауылдық округінің жастар  жетекші Дамир Мұрадымов.

- Қазіргі уақытта «Жасыл ел» жастар жасағында  I кезең бойынша 10 сарбаз көгалдандыру жүргізуде. Жұмыс мерзімі  бір ай, яғни 14 шілде күні жұмыстарын аяқтайды. 15 шілдеден бастап екінші кезең өз жұмысын бастайды. Бүгінгі таңда  сарбаздар ауылдағы саябақты баптап, жол бойын тазартып жүр. Оған қоса қарияларға мекенжайлық көмек көрсетеміз. Командамдағы жастар тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындауда.

image-05-07-23-10-14 (4)

«Жасыл ел» - тек қана еңбек ету емес, үлкен өмір сабағы. Ондағы жұмыс жасап жүрген жастар ақшаның оңайлықпен келмейтіндігін, маңдай термен тапқан еңбекақының құнын түсінеді.  Осындай еңбекқор жастармен жұмыстанып, тәжірибе алмасып, бағыт-бағдар беріп жүрудің өзі  мен үшін мәртебе, - дейді Дамир Абайұлы.

 

 Балнұр Қанаева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале