Тасқала ауданына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмыс сапарымен келді.
Депутатты аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева Орал – Тасқала тас жолынан қарсы алып, жұмыс сапарын Мерей ауылдық округінен бастады.
Алдымен Мәжіліс депутаты округтегі әлеуметтік нысандар мектеп, балабақша, мәдениет үйінде болып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты.
Айтып өтсек, округ орталығында көптен шешімін таппай жүрген мәдениет үйінің мәселесі шешіліп, жаңа мәдени-сауықтыру орталығы салынбақ. Мәдени сауықтыру орталығының құрылысын мердігер мекеме «Ақсай Строй Сервис» ЖШС жүргізеді. Қазіргі таңда жоспарға сай дайындық жасалып жатыр. Одан әрі Нартай Аралбайұлы партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша «Жол картасы» шеңберінде Мерей ауылының ішкі жолының жөндеу жұмысымен танысып, жауапты мамандармен кездесті. Тұрғындардың сұранысына сай биыл Мерейдегі ауылішілік көшелерге күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл жобаға республика бюджетінен 509,778 миллион теңге қаржы бөлініп, «ТОБИ» ЖШС жұмысты қолға алған. Кездесу барысында құрылысқа жауапты маман битумның, қажет материалдарды тасымалдау үшін вагонның жетіспеушілігін алға тартты.
– Жол жөндеуін жоспарға сай уақтылы аяқтауымыз керек. Былтыр үлкен мәселе вагонның аздығы болып еді. Биыл қыста ол мәселе шешімін тапқан, енді осы жайт қайта басталып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңдағы тағы бір мәселе – жол құрылысына қажет битумның жетіспеушілігі. Бізге көршілес Ресей елінен тасымалдау жақын. Еліміз бойынша көршілес елден 150 мың тонна битум тасымалдауға рұқсат етілген болатын. Оны әрбір фирма көктем уақытында тонналап алып алды. Бізде битум мәселесі шешілмесе, жұмыс тоқтап қалуы мүмкін. Құрылыс тоқтамауы үшін айына кем дегенде 400-500 тонна битум қажет, – деді «ТОБИ» ЖШС басшысының орынбасары Асланбек Рахметов.
Өз кезегінде Нартай Аралбайұлы бұл жағдай бойынша eotinish.kz порталына хат жазуды сұрап, мәселені министрлікке жеткізіп, жауабын беретінін айтты.
Келесі кезекте жұмысшы топ «Жол картасы» шеңберінде Оян ауылындағы жол жөндеу жұмысының барысымен танысты.
Оян – аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдың бірі. Былтыр аудан әкімдігі тиісті сала басқармаларына бюджеттік өтінімдер жолдап, жол жөндеу жұмысына қаражат бөлінді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі – 2022-2024 жылдар. Мердігер мекеме ретінде мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «Асфа» ЖШС анықталды. Мердігер мекеме 2022 жылы құрылысқа қажет материалдарды жеткізіп, биылғы сәуір айында жұмысты бастап кетті.
Одан кейін халық қалаулысы аудан орталығына ат басын бұрып, «AMANAT» партиясы аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуде ауыл тұрғындары жарық, жер, жастармен жұмыс жөніндегі мамандар еңбекақысының төмендігі сынды ауданға қатысты бірқатар мәселе көтерді.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты кейбір сауалдарға жауап беріп, кейбір ұсыныстарды тиісті органдарға жеткізетінін айтты.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz