Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан мен Снежанна Имашева келді.
Мәжілісмендер түске дейін Жетікөл ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті. Жиынға Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов қатысты.
Жетікөл ауылдық округіндегі негізгі екі мәселе – ауыз су мен жол. Осыған дейін округ орталығына іргедегі Боқай нүктесінен су құбыры тартылған-ды. Алайда ауыз судың сапасына халық тарапынан сын көп.
- Батыс Қазақстандағы су кен орындарын жаңа технологиялармен зерттейтін уақыт болды. Біздің қолымызда – Кеңес үкіметі кезінде жасалған қорытындылар мен карталар. Заман ауысты, сондықтан ескі құжаттарға сенбеу керек. Бізге зерттеулердің жаңа қорытындылары, жер астындағы су қорының мөлшері мен сапасына қатысты зерделенген жаңа ақпараттар қажет. Әйтпесе, жобалар күткен игілікті ақтамай жатыр. Сөзіміздің мысалы – Жетікөлге Боқайдан су құбырын тарту жобасы. Су ауылға жеткізілді, ол – ащы болып шықты, - деген ұсыныс айтты Ғанимат Нұрмұханов.
Ал Қосарал мен Шағырлойды жалғайтын жолды асфальттаудың өзекті екендігін айтып, дәлелдеудің өзі артық. Мәселе көзге көрініп тұр. Ауылдағы шаруа ағайынды аудан, қаламен байланыстыратын тіршілік тамыры тозып бітті. Жолдың табаны көктем мен күзде езіледі, қыста қар ұстайды.
- ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев өзінің «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты жолдауында «2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.» демеді ме? Ендеше, ауылға әлі күнге дейін неге тақтайдай жол келмей жатыр? Жолдаудағы жұмыстар түгел ел бойынша жүзеге асуы тиіс қой. Жолдау бар, жол жоқ!, - дейді жетікөлдік Армат Тұралиев.
Абзал Құспан жолдардың сапасы бойынша Батыс Қазақстан өңірінің республикада көш соңында екенін айтты.
- Дәл осы жол мәселесі үшін Президент Үкімет басшысы Әлихан Смайловты Батыс Қазақстан облысына арнайы жіберген. Жол құрылысының баяу жүруіне екі шектеу себеп екен. Бірі – битумның жоқтығы. Екіншісі – құрылысқа қажетті тас өнімдерін тасымалдайтын вагон мен локоматив тапшылығы. Парламент депутаттары ретінде тиісті ұсыныстарды түсіріп, келіссөздер жүргізіп, екі шектеуді де жойдық. Қосымша вагондар шығарылды. Битум шетел елден де кіргізіледі. Енді жақсылық бола ма деген үміттеміз.
Біз – ел қазынасына қаржы құйып отырған донор облыспыз. Алайда жолымыздың жартысынан көбі жүруге жарамсыз, электр желілерінің 82 пайызы тозған.
Биыл республикалық бюджет біздің өңірдің сұранысын тек 27%-ын ғана қанағаттандырыпты. Таразы басы неге тең емес? Біз не үшін түйе беріп, қайтарымына түйме алуға тиістіміз? Қазіргі таңда Батыс Қазақстаннан сайланған депутаттар қаржы бөлу ісінде әділетке жетуге жұмыстанып жатырмыз, - деді Мәжіліс депутаты.
Қосаралдағы кездесуде Талғат Досмағамбетов депутаттар назарын өзен-көлдердің экологиялық жай-күйіне аударды. Жетікөл – Бұлдырты өзенінің төменгі жағында орналасқан. Өзен Шыңғырлау ауданы, Қарағаш елді мекенінің маңындағы бұлақтардан басталады. Қазіргі таңда бұлақтан өнген су айдындарда кептетіліп, өзен арнасына шыға алмай тұр. Соның кесірінен, балық-шаян тіршілік нәрінен, халық мал суарар суынан айырылғалы тұр.
Кездесуден кейін Астанадан келген депутаттарға халық жеке мәселелері бойынша жолықты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz