18.07.2023, 14:45
Оқылды: 16

Өрттің алдын алу шаралары күшейтіліп жатыр

Тілсіз жаудан төнген апатқа Бәйтерек ауданындағы төтеншеліктер сақадай сай ма? Жылда сынға алынатын техникалық базаның әлеуеті қаншалықты жаңарды? Орман шаруашылықтарында ыстық мезгілдерде қандай қауіпсіздік, алдын алу шаралары жүзеге асып жатыр? Осы сауалдардың нақты жауабын алу мақсатында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Олжас Абдрахманов пен облыс орталығына қанаттас  орналасқан Бәйтерек ауданының Янайкин ауылдық округіндегі орман шаруашылығы мамандарын сөзге тарттық.

IMG-20230718-WA0014

Әңгіме барысынан түйгеніміз өртке қарсы жұмылдырылатын материалдық-техникалық базаның әлеуеті әлі де болса әлсіз. Мұны Янайкин ауылдық округіндегі орман шаруашылығының бас орманшысы  Николай Маркин де растайды.

- Янайкин ауылындағы орман  көлемі 6707 гектарды алып жатыр. Бейуақта өрт тұтанар болса, ескі техникалардың шама-шарқына қалай нық сенім артасың? Мәселен атап айтсақ,  1975 жылы шығарылған шынжыр табанды «ДТ» тракторы   қолданыста жүргеніне елу жылдан асты. МТЗ-82 маркілі өрт сөндіруге арналған тракторды, сыйымдылығы төрт текше метрлік су құйғыш, «УАЗ-202» көліктерін де күтіп-баптап, амалдап мекеме қызметіне жаратып келеміз. Жақсылықты бөліссең көбейеді демекші, таяу күндері бұл мәселенің түйіні тарқайды деген жағымды хабар есіттік. Сондай-ақ осы шілде айынан бастап  орманшылар жалақысының  көтерілуі, жастардың  «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігі бұл саладағы мамандар қатарын толықтырып, еңбек өнімділігін арттырады деген үміттеміз, - дейді бас орманшы.

IMG-20230718-WA0013

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Олжас Абдрахмановтың мәліметіне сүйенсек,  ағымдағы жылы Дарьян ауылдық округіндегі «Январцев орман және жануарлар дүниесін қорғау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің №74 кварталында 1,1 га аумақта шөп және 5,7 га орман өртенген. Жалпы ауданы 6,8 га болатын 1 табиғи өрт тіркеліп, өткен жылы 3 мәрте қызыл жалыннан қауіп төнген. Оның ішінде орманда біреу, далалықта екі оқиға орын алды.  Тілсіз жаудың  жалпы ауданы 90 гектарға жеткен. Апаттың алдын алу мақсатында қазіргі таңда да бірқатар іс-шара жүргізіліп жатыр. Биыл  өңір аралық сипаттағы орман, дала өрттерін жою жоспарына түзетулер енгізілген. Аудан маңында  жану нүктесін дереу анықтау жолында  «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» акционерлік қоғамымен 4 млн. теңгеге шарт жасалған. Бүгінгі күні елді мекендерде 236 адамнан тұратын 22 ерікті өртке қарсы құрылым жұмыс істейді. Олардың  иелігінде 14 су тасығыш, 23 трактор, 19  бейімделген техника, 322 аспалы өрт сөндіргіш, 28 мотопомпа және 74 басқа да бастапқы көмекке  дайын құрал-жабдықтар бар. Қазіргі күні Үлкен-Шаған ауылында 1 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр. Енді Егіндібұлақ ауылдық округінде де осындай дала  қосынын ашу жоспарланып отыр.

Гүлнар Қадырова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале