19.07.2023, 11:45
Оқылды: 18

Бар жақсылық балаларға!

Болашағымыз – балаларға сапалы білім беру, жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы негізде ұйымдастырып, оларды ел тарихын терең тануға баулу, патриоттық тәрбие беру әрі мәдениетті тұлға етіп қалыптастыру – қайтарымы қарымды ертеңімізге салған инвестиция.

IMG-20230719-WA0006

Осы мақсатта Бәйтерек ауданы депутаттары әрі өңірімізге танымал кәсіпкерлер Куаныш Мырзағалиев,  Оганес Миносян  және Әсел Ижанова Переметный ауылындағы «Достық» сауықтыру лагерінде демалып жатқан балалармен жүздесіп, олардың Орал қаласының тарихи-мәдени орындарын аралап, демалысын қызықты әрі танымдық мақсатта өткізуіне қаржылай демеушілік көрсетті.

IMG-20230719-WA0004

 Балалар облыстық тарихи өлкетану музейін, М.Мәметова атындағы мұражай-үйін, қалалық табиғат және экология мұражайын аралап, хайуанаттар бағындағы аң-құстарды тамашалады. Қаланың көрікті жерлерінде естелік суретке түсіп, жаңа достар тауып, ерекше әсермен оралды.

Айту керек, «Достық» сауықтыру лагері ауданның барлық ауылдық округінен көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларын жаз бойы алты ауысыммен қабылдайды. Қазіргі таңда бесінші ауысымға келген тәрбиеленушілер лагерь қызықтарына қанып, жазғы демалыстарын тартымды өткізіп жатыр.

IMG-20230719-WA0005

-Балалар – біздің ертеңіміз. Оларға бірінші кезекте көңіл бөлуіміз керек. Шаттыққа толы балалық шағын көру – бір бақыт! Ұйымдастырған сапарымызбен біз оларға ұмытылмас естеліктер, көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деген ойдамыз, - дейді аудандық мәслихатының депутаты Әсел Ижанова.

 Ал бейнетаспамен ризашылығын жеткізіп жатқан балғындардың алғысында шек жоқ.

 

Гүлжаз Қалесқызы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале