20.07.2023, 18:18
Оқылды: 24

Тасқалада тілшілер басқосты

Тасқала ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында аталмыш ауданда облыстық пресс-тур өтті.

IMG-20230720-WA0112

Жергілікті «Екпін» газетінің редакциясы ұйымдастырған шараға Бәйтерек, Теректі, Жәнібек және Казталов аудандары газеттерінің қызметкерлері қатысты.

IMG-20230720-WA0181
Тасқалалықтар БАҚ өкілдерін аудан орталығына кіреберістен ақпен қарсы алды. Содан соң Тасқала ауылдық округінің әкімі мен бес аудандық газеттердің бас редакторлары аудан орталығындағы «Азалы ана» монументіне гүлшоқтарын қойып, бейбіт өмір сыйлаған соғыс ардагерлерін еске алды. Кейін пресс-турға қатысушыларды аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов қабылдап, «қош келдіңіз» айтып, бұқаралық ақпарат құралдарының бүгінгі қоғамдағы рөліне тоқталып, газет редакцияларының ұжымдарына өзінің Алғыс хатын табыстап, жиналғандардың бәрін қырқүйек айының орта тұсында өтетін ауданның 90 жылдық мерейтойына арнайы шақырды.

IMG-20230720-WA0058

Ұйымдастырушылар тарапынан меймандарға блокнот пен қалам сыйланды. Осы кездесу барысында тарихшы Нұрболат Шабеков Тасқаланың тарихы туралы қысқаша баяндама жасады.

Әкім қабылдауынан соң БАҚ өкілдері аудан орталығындағы «Шұғыла» жазғы-сауықтыру лагеріне аттанды. Онда лагерь демалушылары қонақтар үшін әсем ән шырқап, әдемі би биледі.
Тасқалаға барған адам Ақбұлақтан су ішпей кетпейді. Сол себепті тілшілер қауымы да бұлақ суын ішу үшін аудан орталығынан он шақырымдай қашықтықта орналасқан Ақтау округіне барып, таза да мұздай судан дәм татып, бір сергіп қалды.
Кейін іс-шара Бірлік ауылдық округіндегі демалыс саябағында жалғасты. Бес ауданның редакция ұжымы табиғат аясында спорттық-интелектуалдық ойындар ойнап, ән шырқап, би биледі. Дастархан басында жүрек жарды ақ-тілектер айтылып, жыр-шумақтары оқылды.

IMG-20230720-WA0154
- Тасқала - табиғатының әсемдігімен ерекшеленетін аудан. Ауданның 90 жылдығы аясында бізге жақын маңдағы аудандардағы газет редакцияларының ұжымдарын шақырып, Тасқаламен кеңірек таныстыруды мақсат тұтқан едік. Соңғы төрт-бес күн қатарынан жауған жаңбырдың салдарынан Ешкітауға және өзге де көрікті жерлерге баруға мүмкіндік болмай қалды. Сөйтіп аяқастынан олардың орнын басқа іс-шаралар ұйымдастыруға тура келді. Әріптестеріміздің берген бағаларына қарағанда олар да жаман шықпаған сияқты. Жалпы бұл пресс-турды редакция ұжымының өзі ұйымдастыра алмайтыны анық. Біздің бастамамызды қолдаған аудан әкімдігіне, аудандық мәдени демалыс орталығына, аудандық жастар ресурстық орталығына, «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігіне, кәсіпкер азаматтарға және өзге де мүдделестерге айтар алғысымыз зор, - дейді Тасқала аудандық «Екпін» газетінің бас редакторы Темірболат Тоқмамбетов.

Нұрсәуле Әбілпейісова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале