Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының басшысы болып Болатбек Ахметжанов тағайындалды.
Жаңа лауазым иесін аудан активіне таныстырған кезде аудан әкімі Марат Тоқжанов атап өткендей, әкім аппараты басшысына жүктелетін міндет зор.
- Аппарат басшысы – әкімнің оң қолы. Оған қойылар талап жыл өткен сайын күшейіп келе жатыр. Аудандағы бөлімдердің, ауылдық округ әкімдіктерінің жүйелі жұмыс істеуі де соған байланысты. Сол себепті Болатбек Аманжолұлына үлкен сенім артып отырмыз. Мемлекеттік қызметте біраз тәжірибесі бар. Жұмыстың ыңғайын біледі. Ескерте кетер жайт, бізге жұмыс барысында «Сәке, Мәке, тума-туыс» деген әңгіме керек емес, әркім өз функционалдық міндетін мінсіз атқаруы тиіс. Берілген тапсырма уақтылы әрі толықтай орындалғаны жөн. Қызметіңізге сәттілік тілеймін, - деді Марат Лұқпанұлы.
Айта кетейік, Болатбек Ахметжанов 1978 жылы дүниеге келген.
Ж.Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжін технология, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін қаржыгер мамандықтары бойынша аяқтаған.
1995-2006 жылдары білім саласында қызмет атқарған.
2006-2010 жылдары Зеленов аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы, 2010-2013 жылдары Зеленов әкімі аппаратының бас маманы, 2013-2017 жылдары Махамбет ауылдық округінің әкімі болды.
2017 жылдан бері аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы лауазымында еңбек етті.
Ал 2023 жылғы 13 шілдедегі аудандық бірыңғай конкурстық комиссия отырысының №21 хаттамасы негізінде аудан әкімінің 20 шілдедегі №130-ө өкімімен Бәйтерек ауданы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz