25.07.2023, 16:45
Оқылды: 65

Қытымыр қысқа әзірлік: шөп шапқанның шаруасы шалт

Биыл Шыңғырлау ауданы бойынша мал қыстағына 125 743 тонна шөп дайындау жоспарланды. Былтырғы дайындалған шөптің қыстақта қалғаны 18 377 тонна. Жақында ғана берген ауылдық округ әкімдерінің мәліметтері негізінде, округтерде өткен жылдың қалған шөппен қосқанда 40 250 тонна дайын, жоспардың орындалуы әзірге 32,0 %. Орташа өнімділігі 3,6 ц/га екендігін айтады ауыл шаруашылық мамандары.

дала (2)

Сондай-ақ мал азығын дайындауға аудан көлемінде 368 трактор, 180 маялағыш, 146 шөп жинағыш және 246 орақ, тырма қатысып жүр. Биыл мал азығын дайындауға аудан бойынша 180 астам шаруа құрылымы мен жеке тұлғалар өз қарекеттерінше азық жиюды мықтап қолға алған.

Алдағы қыстың қытымыр, қатал да ұзақ болатынын жобалаған мамандар қысқа тиянақты әзірлікпен келуді айтып, назарға салуда. Оған қоса ауыл шаруашылық мамандары мен көзі қарақты үлкендердің есінде. Қоян жылының аяғы өте ауыл жыл болып саналатынын ежелден ескерілетіндігі тағы бар. Себебі еліміздің тарихында қоян жылы жұт жылы болғандығын естерінен ешкім шығара қоймаған. Табиғат ананың бар бергенін жаз бойы жиып, қамбаларға тасу әсіресе осы қоян жылы атқарылуы шарт екен. Осы орайда жақында ғана аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рүстем Еслямов ауданымыздың тұрғындары мен шаруашылық қожалық басшыларына арнап Үндеу жолдағанды. Үндеу арқылы биылғы қысқа қам-қарекеттің тиянақты болуын, табиғат ананың тез құбылмалы әрі алыстан болжап білуге болмайтындай қасиеттерін ескере отырып, алдағы қыстаққа бар әзірлігімізді, барлық ынтамызды арнауды айтқан.

дала (1)

Ал аудандағы шөптің бағасына келсек, әр түрлі. Орташа есеппен алсақ, ауыл тұрғындарына сатылатын бір тіркеме шөптің құны 40 000 теңге, ал бір бума (руллон) шөптің бағасы Ақтау ауылдық округінде 3000 теңгеден бастап 4000 теңгеге дейін. Ал Ақшат, Қарағаш, Ақбұлақ, Алмаз, Ащысай ауылдық округтері бойынша 5000-6000 теңгеден. Сонымен қатар Шыңғырлау ауылдық округінде шөптің бағасы 4000 теңгеден 6000 теңгеге дейін сатылымға шығарылып жатыр.

«Шөпшілеріміз науқан басталысымен үлкен ыждағаттылықпен кіріскенді. Шөптің сатылымы да оның бағасы да тұрғындар үшін тиімді әрі қолжетімді болды. Әйтсе де толассыз жауған жаңбырдың бірнеше күн қатарынан жауғаны жұмысты сәл тежеп қойды. Олар күннің ашылуын күтіп, қалай да молынан азық жиюды ойластыруда. Өткен жылы мал азығын жинауды асыра орындап (105 пайыз), нәтижесінде төрт түлік мал қыстан қысылмай шықты. Десек те шама келсе, тағы да жоспардан тыс жию көзделінуде», - дейді Ақшат ауылдық округінің әкімі Ерлан Айшуақов.

«Шөптің бағасы өзге аудандарға қарағанда, қалта көтеретіндей. Көршілес аудандарда бір рулон шөптің бағасы 8 мың теңге болған, оның өзі де қат болып тұр сондықтан да бардың қадірін білген жөн, ағайын. Шама келсе күн ашық-жарықта малымыздың  азығын жинап алып, қысқа тиянақты әзірлік қылудамыз. Биылғы шөп шығымы ақтаулықтар үшін жақсы өнім беруде. Тек мына жаңбыр уақытша қол байлау болып тұр.Оған дейін күннің аптап ыстығы 40 градустан асты. Бірақ шаруа жандарға ауа-райының қолайсыздығы үйреншікті жағдай ғой. Бәрібір көк шалғынды уақыт оздырмай жиып аламыз. Әрине, қолдан келсе, айналаңа да көмек қолын созған дұрыс», - дейді Ақтау ауылдық округінің шаруасы Тыныш Иманғалиев.

Бұған дейін шөптің бағасын халыққа қолжетімді бағада ұстап тұру үшін жұмыстар жүрді. Әр округте мал азығын сататын жеке тұлғалар мен шаруа құрылым басшыларымен кездесулер ұйымдастырылған. Оған қоса техникалық және өртке қатысты қауіпсіздік шарттарын орындап отыру шарт. Осы бағытта учаскелік полициямен бірге шөп шабу науқанын тиісті қызметкерлер барып қарап, бақылау да біркелкі жүргізіп келеді.

Рейд барысында белгілі болғандай кейбір шөпшілер округ аумағына тиісті жерлерден рұқсатсыз шөп шауып жүргендері, оған қоса тиісті техникалық ережелерді сақтамайтындар да көзге түсіп қалған. Бүгіндері осының барлығы ескертіліп, барлық кемшіліктер жойылған.

Енді тағы бір мәселе бұл – шөп бағасы. Шөпшілер өз бағасын айтса, алушылар да өз бағасын беріп әлек. Әйтсе де, қыруар қаражатқа алған техникасының шығыны, несиесі тағы бар, шөп науқанында жұмыс жасайтын адамдар еңбегі, жағар майы, қосалқы бөлшектердің тапшылығы мен қымбатшылығы шөп бағасының су арзан болмайтындығын байқатады.

А.Муса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале