«Жайық Пресс» ЖШС жанындағы Баспасөз тарихын зерттеу орталығының дайындауымен 2014 жылы «Ұран» газеті. 1917-1918» атты тарихи жинақ баспадан жарық көрді. Бұл басылымды дайындауға арнайы ақылдастар алқасы құрылып, оның құрамына сол кездегі облыс басшыларына қоса Светлана Смағұлова, Ғарифолла Әнес, Мақсат Тәжімұрат, Қалиолла Орынғали, Қылышбай Сүндетұлы, Ғабит Қабекенов сынды танымал ғалымдар, баспасөз тарихын зерттеушілер де кірген болатын. Осылайша, «Ұран» газетінің табылған сандары қазіргі әліпбиге аударылып, газет ісіне белсенді араласқан Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғман Манаев, Бақыткерей Құлманов т.б. сынды алаш азаматтарының өміріне қатысты тың деректер жинастырылды. Бұл шыға бастағанына бір ғасырға таяған «Ұран» газеті туралы тұңғыш толымды жинақ еді.
«Орал өңірінің» бастауы – «Ұран»
Мемлекеттің қолдауы арқасында «Жайық Пресс» ЖШС-ның материалдық-техникалық базасы нығайып, күнделікті газет шығарумен қатар төл басылымдарымыздың тарихын зерттеуді де қолға алдық. 2013 жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдық мерейтойын өткізу барысында газеттеріміздің тарихы біз негізге алып жүрген 1918 жылғы 17 қарашада емес, одан әріде екендігін, әлде де тыңғылықты зерттеулер қажеттілігін айтып, алғашқы нөмірге санап жүрген «Хабар-Известия» газетінің алдында «Ұран» газетінің болғандығы және алдағы уақытта осы газетті іздестіруден бастайтынымызды хабардар еттік. Бұған бірнеше себеп болды.
Біріншіден, 2012 жылы Мәскеу мұрағаттарынан «Хабар-Известия» газетінің 1918 жылдың аяғына дейін шыққан сандарының көшірмесін түгелге жуық әкелгенбіз. Міне, осы газеттің алғашқы нөмірінде, араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп…» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейді. Осылайша «Ұранның» орнын «Хабар-Известия» газеті басқанын дәлел-дейді.
Екіншіден, «Қазақстан» (1911-1913), «Ұран» (1917-1918), «Хабар-Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) газеттерін шығару барысында көптеген азамат бас біріктірді. Бірақ осы басылымдардың бәріне бірдей белсенді атсалысқан екі тұлға бар. Олар Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ғұмар Қараш «Қазақстан» газетіне редакторлық етсе, Ғабдолғазиз Мұсағалиев жазылу жұмыстарын ұйымдастырып, қаржы жинауға және таратуға көмектеседі. Ал «Ұран» газетіне редакторлық еткен – Ғабдолғазиз Мұсағалиев. Ал газетте Ғұмар Қараштың көптеген мақалалары, тіпті газеттің мақсатын айқындайтын «Ұран» атты өлеңі де жарық көрген. Ал бұл тұлғалардың «Хабар-Известия» газетіне де қатысы барлығын 1968 жылғы 17 қарашадағы газеттің елу жылдық мерекелік нөміріндегі Тамимдар Сафиевтің мақаласы дәлелдей түседі. Онда «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып, екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Осымен-ақ бұл тұлғалардың баспасөзбен тығыз байланыста болғандығы көрінеді. Өкінішке қарай, кеңес дәуірінде осындай ұлт зиялыларының халқы үшін жасаған қызметі айтылмады. Тіпті ағартушы, ақын, ойшыл Ғұмар Қараштың еңбегі түгіл, атын атауға тыйым салынды. Көбінесе «Хабар-Известия» газетінің редакторы – Ішкі ордалықты басқарушы облыстық кіндік (орталық) комитет төрағасы Степан Милютиннің аты ғана аталып, басқасы көлеңкеде қалды.
Ғұмар Қараш және Ғабдолғазиз Мұсағалиев – екеуі де қазақ тарихында ойып алатын орны бар, ел үшін жанкешті еңбек еткен, баспасөз саласы арқылы халық санасын оятуға орасан еңбек сіңірген тұлғалар. Бұл газеттер қоғамдағы саяси жүйе қанша өзгерсе де, мүмкіндігінше халық үшін аянбай қызмет етті.
Үшіншіден, біз баспасөз саласын зерттеумен жаңадан айналысып жүргендіктен, әр тапқанымызды жаңалық ашқандай боламыз. Бірақ кәнігі кәсіби мамандар бұны әуелден білгендей.
Алматы қаласындағы Ғылыми кітапханада «Орал өңірі» газетіне қатысты формуляр былай толтырылыпты: «Қызыл ту. Оралдың губерниялық партия комитеті мен атқару комитетінің газеті. Орал, 1922-1929.
1917 жылдың июлінен-1918 жылға дейін – «Ұран»; 1919 жылдан – «Дұрыстық жолы»; 1919-1920 ж.ж – «Сахара таңы»; 1920-1930 ж.ж. – «Қызыл ту»; 1931-1957 ж.ж. «Екпінді құрылыс»; 1958-1964 ж.ж. – «Октябрь туы»; 1965 ж. 1 янв – «Орал өңірі» деп аталады».
Міне, мұнда газеттің «Ұраннан» басталатынына еш күмәнданбайды. Жүйелеп, тап-тұйнақтай етіп көрсеткен.
Төртіншіден, «Ұран» газетін Кеңес үкіметі тұсында баспасөздің бастауына негіз етуге саясат жол бермеді. Бұған Сәкен Сейфуллин «Тар жол тайғақ кешу» романында: «Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды…» дегенінің өзі дәлел. Алаш орданың айналасындағының бәрі «халық жауы» болғандықтан, газет те осы санатқа жатқызылып, іздегенде «әп» дегеннен-ақ таба алмауымыздың сыры осыда болар.
Газеттің атауы өзгергенімен, баспахана ортақ, шығарушылары бір болғандықтан, бұл газеттер – бір-бірін жалғастырған басылымдар. Жоғарыдағы айтылған негіздерге байланысты бүгінгі «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің бастауы 1917 жылы шілде айынан Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің редакторлығымен жарық көрген «Ұран» газетінен бастау алатыны анық.
«Ұран» қалай табылды?
2013 жылы қос басылымның 95 жылдығы қарсаңында-ақ «Ұран» газетін таныстырып, тарихын тереңдеткіміз келген. Бірақ қанша іздесек те, түпнұсқасын не көшірмесін таба алмадық. Сондықтан ойымызды айқындау болашақтың еншісіне қалды. 1911-1913 жылдар аралығындағы жарық көрген «Қазақстан» газетін Ресей мұрағаттарынан іздеп тапқан тәжірибеміз бойынша Ресейлік көптеген мұрағаттар мен кітапханаларға сұрау салдық. Өкініштісі, ешбірінде сақталмапты. Бірақ газеттің шыққаны анық, көптеген тұлғалардың көзімен көргені, оған өздерінің бағасын бергені анық. Не мұрағат, не мұражай, не кітапхана, не жекелеген адамдардың қолында сақталуы мүмкін деген оймен індетіп, іздестіруімізді жалғастырдық. Алғашқы қуанышты хабарды ғалым Мақсат Тәжімұрат жеткізді. Ол Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-нан «Ұран» газетінің бірнеше санын тапқан. Біздің жанұшырып іздеп жатқанымызды естігендіктен, құнды дүниені бізге беруді жөн санапты. Тіпті электронды көшірмесін жасатып, алып кетуге дайындатып қойған. Барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «халық ақыны Надралиев Андаш (1889-1954) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы, Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Мұражай қызметкерінің айтуы бойынша газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған.
Мұстафа Ысмағұлов көзі тірісінде жинаған бірнеше қап құжатты мұражайға тапсырылғанын білетін едік. «Қазақстан» газетін алғаш тыңғылықты зерттеген де осы адам. Кеңес заманындағы солақай саясаттың кесірінен халыққа жария ете алмады. Мұстафа ағамыз шамалыға таптырмайтын «Ұран» газетінің фотокөшірмелерін де бір папкаға салыпты, тіпті осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап, зерделепті. Мұражай басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.
Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз, «Ұранның» шамамен 40-50 нөмірі жарық көрген. Біз 10 нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28(10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16(3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.
Жиырмасыншы ғасырдың басы – қазақ елін отарлаудың белсенді деңгейіне көшкен сәті. Бір отарлаушының орнына екіншісі ауысып, халық кімге сенерін, кімнің айтқанымен жүрерін білмей, дұрыстығына жөн сілтегендердің айтқаны жаппай халыққа естілмей, абдыраған кездер еді. Осы сәтте барша қазақтың басын бір мақсат, бір мүддеге тоғыстыруға қауқарлы тек қана газет болды. Осыны жете түсінген қазақтың зиялы қауым өкілдері Батыс өңірінде тұңғыш рет тұрақты, жүйелі басылым – «Қазақстан» (1911-1913) газетін шығарса, одан әрі «Ұран» (1917), «Хабар-Известия» (1918), «Дұрыстық жолы» (1919) басылымдарын ұйымдастырды.
Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ
www.zhaikpress.kz