27.07.2023, 12:30
Оқылды: 55

Ауыл мұғалімі

1982 жылдың қыркүйек айының соңғы күндері. Бұрынғы Чапаев ауданындағы «Алғабас» совхозының №3 бөлімшесі. Тельнов ауылы.

f661e701-2f78-4391-be93-71fc87879938

Осындағы Алғабас сегізжылдық мектебінде қыркүйек басталғалы жаңа өмір қайнап жатты. Балалардың у-шуы күн төбеден ауса да, басылар емес. Ішке кіруге қоңырау соғылды. Жетінші сыныпқа жаңадан келген жас мұғалім кіріп еді, оқушылар тып-тыныш бола қалды. Мұғалім әдеттегідей амандасып, оқушыларын түгендеп алды да, сабағын  бастап кетті. Жаңа сабағын байыппен түсіндіріп жатыр. Кенет есік ашылып,  ішке ентігіп төрт оқушы кіріп келді. Осы сыныптың тентектері. Мұғалім салмақты қалпын бұзбастан кешігіп келгендері үшін сабақ соңында қалатындарын айтып отырғызды да, жаңа сабақты түсіндіруін  жалғастыра  берді.

Айтқандай,  сабақ соңында жаңағы оқушылар  қалып, жаңа тақырыпты пысықтады. Ол кезде жас жігіт 23 жаста еді. Бұл азамат бүгінде 63 жасқа жетіп, зейнетке шығып жатқан М. Әуезов атындағы ЖОББМ-ның тарих пәні мұғалімі Алдаберген Сәрсеков болатын.

Алдаберген Қайырғалиұлы одан кейін де  өмірдің ащы-тұщысын бірдей татып, ұзақ та байсалды өмір жолынан өтті. Ауыл мектептерінде бес жылдай қызмет еткеннен кейін, аудандық газет редакциясында, аудан әкімі аппаратында әртүрлі жауапты жұмыс  атқарды.

1983 жылы Клара Сейішқызымен отбасын құрды. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп,  әрқайсысына өмірден өз орындарын табуға көмектескен ардақты әке. 1999 жылы еңбек жолында үлкен өзгеріс болды. Бұрынғы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалі-мі Алдаберген Қайырғалиұлы аудандық білім беру бөлімінің ұйғарымымен М. Әуезов атындағы ЖОББМ-ның тарих пәні мұғалімі  болып шыға келді. «Сендей азаматтар тарихшы болуы керек» деген жанына жақын тұтқан ағайынның бірауыз сөзі мамандығын өзгертуіне себеп болды. Соңынан сырттай оқып, тарихшы  дипломын  да  алды.

Әрине, жаңа ғасыр басталар тұстағы білім беру жүйесіндегі қиындықтар талай замандас әріптестерінің сағын сындырғаны рас. Көпшілігі жеңіл жұмыстарды іздестіріп кетті. Қай істе де табандылық пен іскерлік оң нәтижеге қол жеткізетінін білетін Алдаберген Қайырғалиұлы бір мектепте зейнет жасына жеткенше 25 жылға жуық тапжылмастан еңбек етті. Еңбегінің  зейнетін  де  көрді.

Жемісті еңбек етіп, 2003 жылы 1-санатты, 2009 жылы жоғары санатты қорғап шықты. 2014 жылы жоғары санатты қайта бекітті. Әрине, жетістіктер оңайлықпен келген жоқ. Бәрі де іскерліктің арқасы. Ол 2003 жылдан бері осы  білім ордасындағы  өлкетану үйірмесіне жетекшілік қызмет атқара жүріп, оның ұсынған  бағдарламасы облыс көлемінде  таратылды.

«Туған өлке» атты үйірмеге арналған әдістемелік құралдың авторы ұдайы ізденісте жүреді. Ауданымыздан сталиндік қуғын-сүргінге ұшырағандардың тізімін анықтап, шығарған кітабы «Қуғын-сүргін құрбандары» деп аталады.

Жыл сайын оқушылары аудандық пән олимпиадаларында жүлдегер атанады.

Олардың қатарында М. Балтабаев,   Д. Қайырғалиев, А. Жандәулетті  атауға  болады. 2018 жылы шәкірті Әсем Қуанова республикалық ғылыми жобалар байқауында 1-орын алып, арнайы төсбелгімен марапатталды.

«2009 – Орал өңірін тану» жылына арналған облыстық үздік өлкетану сайты аталымы бойынша ұстаздың өзі жеңімпаз деп танылды. 2010 жылы халықаралық ғылыми конференцияға қатысып, «Желтоқсан құрбаны – Гүлзада» деп аталатын баяндамасын оқыды. 2015 жылы «Орал өңірі» редакциясы және «Жайық Пресс» ЖШС ұжымдары ұйымдастырған «Әдеби жұмбақ» байқауының жеңімпазы деп танылып, арнайы дипломмен және бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

2006 жылы ҚР Кіші ғылым академиясының алғысхаты,   2006, 2007, 2012 жылдарда облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен және әр жылдарда аудандық білім беру бөлімі, аудан әкімі алғысхаттарымен марапатталды.

Алдаберген Қайырғалиұлы ұстаздық қызметін атқара жүріп, 1986 жылы Желтоқсан құрбаны болған жерлесіміз Гүлзада Нәбиқызы  Халелованы ақтап шығуға жиырма жылдан астам уақытын жұмсаған екен. Бұл еңбегі жөнінде ұстаз 2021 жылдың желтоқсан айында облыстық телеарнада «Тарих тағылымы» хабарында сұхбат берген болатын. Әрине, біраз қиындықтың болғанына қарамастан,  желтоқсаншы қызды ақтау жұмыстары оң нәтиже бере бастады. Гүлзадамен 1986 жылы алаңға бірге шыққан қыз табылды. Ақтап алу оңай шаруа емес екен. Алматы, Орал мұрағаттарымен тығыз байланыста әлі жұмыстар жалғасуда. Алдаберген Қайырғалиұлының шәкірттерімен бірге жүргізген зерттеулерінің бірі – өткен ғасырларда бұрынғы Ілбішін стансасындағы Ресейден келіп қоныстанушылардың салған жерасты жолдары. Олардың картасы салынып, оқушылардың қатысуымен ғылыми жобалар дайындалып, өлкетану жарыстарына қатысты. Алдаберген Қайырғалиұлының 2019 жылы «Құлпытас сырын ашайық» атты облыстық ғылыми-зерттеу экспедициясына қатысуы да  аудан тарихшыларының мәртебесін көтеріп  тастады.

Биыл зейнетке шыққан қарапайым ауыл мұғалімінің еңбегі  көпке  үлгі  болғандай.

...Әне, ол үлкен қара сөмкесін арқалап мектептен шығып, үйіне қайтып барады. Ертең тағы да сол мектебіне асығады.

Ерлан Құсайынов,

ардагер ұстаз, эколог,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале