28.07.2023, 17:45
Оқылды: 15

Казталовқа облыстық түсіндіру тобы келді

Бүгін Казталов ауданына «Қазақ мектебіне қадам басайық!» акциясы аясында облыстық түсіндіру тобы келді.

20230728064244_IMG_4359

Құрамында жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының және республикалық аналар кеңесінің мүшесі Камал Әлпейсова, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева, М.Өтемісұлы атындағы БҚУ-дің филология факультетінің деканы Айдарбек Ақболатов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, оқытушы Наталья Алмағамбетова сынды білікті мамандар бар түсіндіру тобы Казталов ауылында А.Оразбаева атындағы және Жалпақтал ауылындағы Ғ.Молдашев атындағы мектептің ата-аналарымен кездесіп, ана тілін дамыту тақырыбында түсіндіру жұмысын жүргізді.

20230728064310_IMG_4360

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Джангереева қатысты.

Жиында алғаш болып сөз алған Света Ғаниева түсіндіру тобының жұмысы мен аталған акцияның мақсатын атап өтті.

«Кезінде «Ұрпағыңа ие бол ағайын!» деп, орыс тілді бірінші сыныпқа қадам басқалы отырған оқушылардың ата-аналарымен кездесулер ұйымдастырған болатынбыз.

Бүгінде «Қазақ мектебіне қадам басайық!» атты акцияны қолға алып, кездесулер ұйымдастырып отырмыз.

Күні бүгінге дейін 44 кездесу ұйымдастырылса, оның 20-сы мектептерде, 24-і балабақшаларда өтті. Облысымызда әлі күнге дейін балаларын орыс сыныбына беріп жатырған ата-аналар бар.

Жалпы статистикаға үңілетін болсақ, облысымызда 379 мектеп бар.

Соның ішінде 102 аралас мектеп болса,  оның ішінде қазақ сыныбында 28 908 бала, орыс сыныбында 6678 бала білім алып жатыр. 1483 қазақ баласы орыс тілді сыныптарда оқуда», - деді Света Қадырбайқызы.

Күрмеуі көп тіл мәселесі талқыға түскен жиында статистикалық мәліметтер де, ХХ ғасырдағы қазақ тілінің ахуалы, орыс тілінің бүгінгі саяси аренадағы ықпалы да баяндалды.

Айтылған сөзді естір құлақ, түйген сана болса көптеген пайдалы кеңес берілді. Бірақ ана тілінде қызмет көрсететін сыныптың емес, орыс сыныбының есігін қаққан ата-аналардың бұл әрекетін қоғам да түсіне алмай әлек. Өйткені Казталов қазақ тілді, стратегиялық маңызы бар аудан.

Света Қадырбайқызының сөзіне сүйенсек, ата-аналардың басым көпшілігі қазақ мектебінде білім сапасы төмен, тәрбие жұмысы кемшін болады және біз орыс тілді болғандықтан балаларымызды оқыта алмаймыз деген де уәждерін айтады-мыс. Аудандағы ата-аналардың да қазақ сыныбына білім беретін мұғалімдердің жұмысына көңілі толмайды, оның үстіне шет тілін еркін меңгерсін деген де тілегі бар.

Жиында спикерлер тілдің мәртебесін асқақтатар мысалдар мен тіл мәселесін шешудің жолдарын атап өтті.

Қазіргі таңда 37 ата-ана баласын орыс тілді сыныпқа беруге ниет білдіріп отыр.

Оның ішінде А.Оразбаева атындағы мектепке 13 оқушы, Ғ.Молдашев атындағы мектепке 24 оқушы орыс тілді сыныпқа қадам басады деп жоспарланып отыр.

Ведомство ережелеріне сайкес бала саны белгіленген межеге  толмаса орыс тілді сынып та ашылмайтындығын ата-ананың ескергені жөн.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале