Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй өртеніп, жас отбасы баспанасыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға Теректі ауданы Жаңаөмір ауылында болды.
«31 шілде күні сағат 18:51-де Ұлы дала көшесі, 15-үй мекенжайында екі пәтерлік тұрғын үйде өрт шықты. №1 пәтерде жиһаз, жеке заттар және үйдің төбесі жанды. Өрт 60 шаршы метр аумақты қамтыды. Адамдар аман. «Тілсіз жау» сағат 20:19-да оқшауланып, 1 тамыз сағат 1.16-да ауыздықталды», - деп хабарлады ведомстводан.
Осы үйде жапсарлас пәтерде тұратын Алмагүл Өмірғалиеваның айтуынша, өрт салдарынан 30 жастағы көршісі Сырымбек Сайлауов келіншегі және үш кішкентай баласымен баспанасыз қалды. Екі жасар баласы - мүгедек, кішісі - үш айлық. Қазіргі кезде жас отбасы уақытша ата-енесінің үйінде тұрып жатыр.
«Менің үйім де апатты жағдайда, тұруға жарамсыз болса да, бала-келініммен бірге паналап отырмыз. Оның үстіне, мынадай күйге тап болдық. Қабырғалардың жарылған жерінен түтін кіріп, иіс алып кетті. Жергілікті атқарушы органдардан көмек күтеміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне А. Өмірғалиева.
Фото: БҚО Төтенше жағдайлар департаментінен