2.08.2023, 9:30
Оқылды: 34

Жолаушылар – сапарда, жолшылар – жұмыста

Жазғы демалыс сапарлар науқаны. Бірақ Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімінің жолшылары үшін емес. Олар ыстық күннің астында асфальт қайнатып, шұңқыр жамап, еңбек етіп жүр. Бәрі де жолаушылардың қауіпсіз, қамсыз сапары үшін.

PHOTO-2023-08-01-15-10-37

Бөлімге Алтынбек Сисенбаевтың басшы болып тағайындалғаны кеше ғана. Қ. Мырзалиев атындағы мектепті аяқтап, жол саласында жемісті еңбек еткен оған«Қазақавтожол» ЖШС Батыс Қазақстан облыстық филиалы зор сенім білдіріп, туған жері – Сырым ауданында орналасқан бекеттің жұмысына жетекшілік етуді тапсырды.

Қазір таңда бөлімнің ішінен жасақталған бірінші бригада Самара-Шымкент халықаралық күре жолының ең ақаулы бөліктері 394-382 және 469-495 шақырымдағы шұңқырларды бітеп жатыр. Бүгінде Алғабас пен Жымпиты ауылдары аралығындағы бедері сәл де болса тегістеліп, лекерге келді. Осы аптадан бастап битум қайнататын ощақ Ақтөбеге шығар бетке қойылды.

PHOTO-2023-08-01-15-08-09

Ал екінші бригада белгілер мен сызық жолақтарды жаңартып, бағаналарды түзеп, сырлап, аялдамалар мен жол-жөнекей тұрған дәретханаларды тазалап, жолдарды күтіп, баптап жатыр. Қыста қар ұстап, әбігерге салмауы үшін жиектердегі шөптер шабылып, көпірлердің түптері тазаланып жатыр.

PHOTO-2023-08-01-15-08-05

Тамыз айының екінші жексенбісі – құрылысшылар күні. Бірақ тас қалап, үй көтеріп жүрген жандар еленеді де, осы мерекеде жол құрылысының мамандары ескерусіз қалады. Жымпитылық жолшылар өз арасындағы механизатор Чапай Сисенов сияқты сала саңлағының сахнаға көтеріліп, құрмет көретін кезі болды ғой дейді.

Бәлкім, осы мақаланы оқып, басшылар назарға алар.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале