Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен аппарат кеңесі өтті. Оған облыстық басқармалар басшылары мен онлайн байланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.
Облыс әкімінің аппарат кеңесінде өңірге қатысты екі мәселе қызу талқыланды. Соның бірі – мал азығын дайындау болса, екіншісі – азаматтарды жұмыспен қамту. Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин өңірде 2279 мал қыстағы бар екенін айтты.
– Облыс бойынша 847,3 мың бас ірі қара, 1371,7 мың бас ұсақ мал, 303,7 мың бас жылқы және 2,6 мың бас түйе қыстап шығады деп жоспарланып отыр. Яғни 1121,4 мың шартты мал басына 2 млн 126,1 мың тонна шөп, 242,1 мың тонна жем дайындау қажет. Сонымен қатар қыстаққа қосымша 8,5 мың тонна сүрлем мен 6,6 мың тонна пішен әзірленді. Аудандардың ұсынған мәліметіне сәйкес 1 тамыздағы жағдай бойынша 1988,9 мың гектар шабындық шабылды. Яғни 727,7 мың тонна мал азығы әзірленді. Бұл – жоспардың 34,2%-ы. Қалдық шөппен қоса есептегенде барлығы 1250,7 мың тонна, яғни жалпы қажеттіліктің 58,8%-ын құрайтын шөп дайын. Өткен қыс мезгілінің жайлы болуына байланысты 523,0 мың тонна шөп артылып қалды. 2022 жылға қарағанда биыл шөп шығымдылығы төмен болып, облыс бойынша орташа 3,6 ц/га құрады. Сондай-ақ Бөкей ордасы (2,0 ц/га), Жаңақала (2,5 ц/га), Жәнібек (3,0 ц/га), Ақжайық (3,3 ц/га) аудандарында шөп шығымдылығы облыстағы орташа көрсеткіштен төмен. Аталған аудандарға аяқтай барып, мал азығын дайындау барысымен таныстым, – деді Наурызбай Қадырбайұлы. Оның мәлімдеуінше, жалпы облыста 1 бума шөптің бағасы 3000 теңгеден басталса, кей аудандарда 8000 теңгеге дейін жеткен. Атап айтсақ, 1 бума шөп Жаңақалада көлтабан басынан 5000 теңгеге, Казталовта 4000 теңгеге, Қаратөбеде 3000 теңгеге және Ақжайықта 6000 теңгеге сатылып жатыр.
«Биыл малазықтық дақылдардың егісі 189,2 мың гектарды құрады. Алайда Тасқала, Казталов, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Жәнібек аудандарының шаруашылықтары еккен екпе шөпті киіктер таптап кетіп, шығынға ұшыратып отыр.
Мал азығын дайындау үшін облыс бойынша 1245 шаруашылық 9739,5 тонна арзандатылған жанар-жағармай алуға өтінім берді. Тауар өндірушілерге жанар-жағармайды жеткізуші болып «Neftek Operating» ЖШС анықталды. 2023 жылдың 20 шілдесінен бастап тауар өндірушілер оператормен келісімшартқа отырып, қажетті мөлшердегі жанар-жағармай алуда. Жеткізу бағасы 259 теңгені құрайды. Қалыптасқан бағаға шаруашылықтар тарапынан наразылық көп. Аудандар қыс кезіне жол ашу жұмыстары үшін жанар-жағармай қоры, көліктер дайындығын осы кезден бастап ұйымдастыру шараларын қолға алу қажет. Жалпы облыс бойынша 2023-2024 жылдың қыстағына мал азығын дайындауға қауқарлымыз», – дейді басқарма басшысы.
Жиында Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев қысқы мал азығын дайындау жұмыстарының жоспарға сәйкес жүруін қадағалағанын, бірінші кезекте ауданның толықтай қажеттілігін қамтамасыз етуді көздеп отырғанын мәлімдесе, Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов былтырдан қалған 81 мың тонна шөптің бар екенін, тиісті жұмыстардың атқарылып жатқанын айтты. Облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы суармалы жерде мал азығын дайындауға назар аударуды аудан әкімдеріне шегелеп тапсырды. Сондай-ақ қоян жылының қысы қытымыр болуы мүмкін екенін еске салды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенова баяндама жасады. Басқарма басшысының мәліметі бойынша 16,7 мың жұмыссыз адам жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген. Осы азаматтардың 47,9%-ы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылса, 26,7%-ына жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалған. Сол сияқты 11,8%-ы мемлекет тарапынан берілетін грантты алуға үміткерлер болса, 12,7%-ы әр түрлі себептермен жұмысқа тартылмай отыр.
– Бүгінде жұмыссыздықпен күрес бағытында бірқатар шара іске асырылуда. Атап айтсам, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 21,8 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланып, ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін 12,7 мың адам әртүрлі шараға жолданды. Министрліктің ережелеріне тиісті өзгерістер енгізіліп, жұмыспен қамту орталықтарын трансформациялау жұмыстарының жүргізілуіне байланысты бірнеше шараны іске асыру барысы бәсеңдеп, тоқтатуға тура келгені жасырын емес.
«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2023 жылы 405 адамға 558,9 млн теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант беру жоспарланып, 317 адамға қаражат бөлінді. Гранттардың негізгі бөлігі мал, өсімдік, құс шаруашылықтарын және кәсіпкерліктің өзге де саласын дамытуға арналды. 2023 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында құрылыс, жол жөндеу және ауыл шаруашылығы салаларында 217 жобаны іске асыру арқылы 1 846 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланды. Есепті кезеңге электронды еңбек биржасы ақпараттық жүйесіне 916 бос жұмыс орны туралы дерек енгізілген. Қазіргі кезде аталған карта бойынша 533 адам жұмысқа орналасты, – деп баяндады Альмира Мұхитқызы.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев басқарма басшысына «Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдаукөмек жайлы тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр ма? Облыстағы 17 мың жұмыссыздың аталған бос жұмыс орындарына не себепті бармайтынын талдадыңыздар ма?» деген сауалын қойды. Альмира Төлегенова мамандықтарының сәйкес келмей қалатынын, айлық табысының аздығы себеп болатынын алға тартты.
Өңір басшысы жиында қозғалған мәселелер бойынша аудан әкімдеріне басқармалармен бірлесіп, белсенді жұмыс істеу керектігін ескертті.
Аманжол Рахымжанұлы,
«Орал өңірі»