7.08.2023, 11:00
Оқылды: 22

Казталов ауданында рейд жүргізілді

Казталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішова, Казталов ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғау лейтенанты Сұлтанбибарыс Жәкім аудан көлеміндегі бірқатар су жағалауын аралап, рейд жүргізді.

су (2)

Аты аталған тұлғалар рейдтік шара барысында алдымен Казталов ауылы маңындағы өзен жағалауына аялдап, ондағы азаматтарға суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды, балаларды қараусыз қалдырмауды ескертіп, жаднама үйлестірді. Рейд жүргізілген уақытта Казталов ауылынан шыға берістегі үшінші көпір маңындағы жағалауда 25-тей адам шомылып жатқаны анықталды. Олардың барлығы да отбасымен суға шомылуға барған Казталов ауылының тұрғындары. Өзен жағалауы адамдар тастаған сусын бөтелкелері мен өзге де тұрмыстық қалдықтарға толы, өте лас болды. Тіпті, аталған маңда суға түсуге рұқсат ету белгісі де, қоқыс контейнері де қойылмаған.

Рейд Бостандық ауылындағы өзен жағалауында жалғасты. Бостандық ауылындағы жағажайдың ахуалы мен тазалығы алдыңғы жағалауға қарағанда көш ілгері. Арнайы қоршаумен қоршалып, шатырлы көлеңкелер, орындықтар, қоқыс салатын арнайы орын, әжетханамен жабдықталған жағажайда көлденең жатқан бірде-бір тұрмыстық қалдықтар көзге түспеді. Суға шомылушы азаматтар арасында ата-ана қарауынсыз жүрген балалар анықталмады. Бостандық ауылындағы жағажайда суға шомылып жүрген алты-жеті ересек адам мен жеті-сегіз балаға жаднама үйлестіріліп, қауіпсіздік ережелерін әрдайым басты назарда ұстау қажеттігі айтылды.

су (5)

Рейд комиссия одан әрі Жалпақтал ауылында болып, суға түсуге болмайтын, ағысы қатты өзенде шомылып жүрген екі жас жеткіншекке ескерту жасап, үйлеріне қайтарды. Ауыл ортасындағы көпір маңында шоғырланған кішкентай балаларға жаднама қағаздар беріліп, ата-ана бақылауынсыз өзен маңына жақындамау қажеттігі ескертілді.

су (4)

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, суға шомылу маусымы басталғалы ауданымызда суға кету оқиғалары тіркелмеген. Осы уақытқа дейін 30 шақты рейд жүргізіліп, алдын алу бағытында ӘҚБтК 410-бабы бойынша бір жеке тұлғаға хаттама толтырылса, ӘҚБтК 364-бабының бірінші тармағы бойынша тоғыз ескерту тіркелген.

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

су (1)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале