Бәйтерек ауданының Переметный ауылында аудан жастары арасында бұқаралық және ұлттық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қазақ күресі, үстел теннисі және президенттік көпсайыстан аудандық спартакиада ұйымдастырылды.
- Жыл сайын спортты дамытуға күш салудамыз. Бір қуантарлығы бұған жастарымыз да белсенді атсалысуда. Жеңіске тек ұйымшыл, мықты команда ғана жете алады. Бүгінгі сайысқа ерінбей қатысып, ауылдың намысын қорғаған спортшыларға үлкен алғыс айтамыз, - деп аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр қатысушыларға сәттілік тіледі.
Тартысты өткен сайыста қазақ күресінен жалпы командалық есепте Трекин ауылдық округінің балуандарына ешкім теңесе алмады. Одан кейінгі жүлделі орындар дарияндықтар мен переметныйлық қатысушыларға бұйырды. Үстел теннисінен Январцев ауылының спортшылары үздік болып, Чиров және Мичурин ауылының спортшылары күміс пен қоланы өзара бөлісті. Президенттік көпсайыста дарияндықтармен ешкім теңесе алған жоқ. Ал ІІ орын Янайкин, ІІІ орынды Көшім ауылының намысын қорғай келген спортшылар қанжығалады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
zhaikpress.kz