«Ақжайық» футбол клубы мен жанкүйерлері ұйымдастырған «Мишкопад» акциясында түскен барлық ойыншық өз иесін тапты.
Жуырда команда ойыншысы Әділет Болатов «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне барып, ол жердегі балаларға ойыншықтарды үлестірді.
Қайырымдылық акциясының берері мол екенін айтқан жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетов футболшыларға ризашылығын білдірді.
- «Ақжайық» футбол клубы біздің мекемеге әрдайым қолдау көрсетеді. Осыған дейін ойыншылар мен бапкерлер құрамы біздегі мұқтаж отбасыларды қажетті азық-түлікпен қамтыды. Енді балаларға ойыншық сыйлап жатыр. Акцияға атсалысқан әр жанкүйерге, ұйымдастырған футбол клубына алғысымыз шексіз, - дейді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің директоры Өмірбай Қалымбетов.
Күтпеген сыйға ие болған жасөспірімдер үйінің кішкентай тұрғындары командаға алғысын білдірді.
Сондай-ақ акция аясында түскен ойыншықтардың бір бөлігі «Көшім арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына» жеткізілді.
- Біздің мекемені ұмытпай, қолдауын көрсеткен футбол клубына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Енді біздің қызмет алушылар «Ақжайыққа» жанкүйерлік етеді, - деді мекеме директоры Самат Хангереев.
Естеріңізге сала кетейік бұған дейін «Мишкопад» акциясында түскен ойыншықтардың алғашқы легі «Зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығына» жеткізілген-ді.
Түгелбай Бисен,
zhaikpess.kz