БҚО полицейлері малшылардан қару-жарақ, қарасора мен киік мүйізін тәркіледі. Бұл туралы БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Фото: видеодан кадр
10 тамыз күні “Қарасора – 2023” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында БҚО ПД есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тасқала ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінің қыстағында мал бағумен айналысқан 32 жастағы және 38 жастағы ағайынды екі жігіт ұстаған.
Олардың тұрғылықты орындарын тексеру барысында арнайы иісі бар өсімдіктер, қарасора тұқымы, ескі көліктің салонында өсірілген қарасора тұқымдас өсімдіктердің бұталары егілген 20 құмыра табылып, тәркіленген.
Сондай-ақ 16 калибрлі ИЖ-К бір ұңғылы шолақ мылтық, 40 дана 16 калибрлі патрон, тоғыз киік мүйізі тәркіленді.
Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілген.
Аталған факті бойынша ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.