18.08.2023, 9:30
Оқылды: 37

«Шаруашылық колледжбен тығыз байланыста болғаны жөн»

 

Бәйтерек ауданының Рубежин ауылдық округінде орналасқан «Рубежинское» АӨК-ге механизаторлар жетіспейді. Ал бұл кәсіп иелеріне ұсынылып отырған еңбекақы көлемі - 250 мың теңге. Одан бөлек сыйақы да бар. Шаруашылық есебінен тамақ та беріледі. Жұмыс тұрақты. Соның өзінде кісілер келмей жатыр.

IMG-20230818-WA0010

Бәйтерек ауданына сапары кезінде облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің аталмыш ауылшаруашылық-өндірістік кооперативінің жұмысымен танысуы барысында «Рубежинское» АӨК-тің басшылығы осы мәселе жөнінде айтты.

- Бұл мәселенің шешілу жолы – сіздерге механизатор мамандығына оқытатын колледжбен тығыз байланыста жұмыс істеу керек. Қазір мұндай білім мекемелерінің алдына тек жұмыс беруші талабына сай оқыту жөнінде міндет қойылып отыр. Бұрғынғыдай жалпыға ортақ бағдарламамен бәрін бірдей оқыту деген қазіргі уақытқа үйлеспейді. Сондай-ақ кадрлық түйткілді шешуге қызметкерлеріңізге арнап тұрғын үй салу да оң ықпалын тигізеді. Бүгінгі таңда мұны қолға алған шаруашылықтар бар. Мәселен, Сұлукөлдегі «АгросервисБатыс» солардың қатарында. Егер мұндай игі іс жасайтын болсаңыз мемлекет кеткен үй салуға кеткен шығыныңызды жартысын қайтарып береді. Әрі қызметкерлеріңізге де айтасыз «егер 10-15 жыл мұнда тұрақты түрде жұмыс істесеңіз, үй сіздің атыңызға аударылады» деп. Үй алу мақсатында мұнда біраз адам келеді деп ойлаймын, - деді өңір басшысы.

IMG-20230818-WA0016

Аудан әкімі Марат Тоқжанов Рубежинде Бәйтерек колледжінің бөлімшесі жұмыс істейтінін айтты. Аталмыш ауылшаруашылық-өндірістік кооперативіне қажет механизаторларды жергілікті оқу орнында даярлауға толық мүмкіндік бар. Сол себепті «Рубежинское» АӨК осы колледжбен тығыз байланыста жұмыс істегендері жөн. Бұл колледжге де тиімді. Түлектері тұрақты жұмысқа тұрады, әрі студенттері шаруашылықта тәжірибеден өтеді.

Айта кетейік, «Рубежинское» АӨК картоп, көкөніс және егін шаруашылығымен айналысады. Олар биыл 200 гектарға картоп, 6 гектарға қырыққабат, 2 гектарға қызылша отырғызған.

IMG-20230818-WA0019

Жинаған көкөністерін  заманауи қоймада сақтайды. 6,5 мың тонна көкөніс өнімдерін сақтауға қауқары жететін қоймада тоңазытқыштар, түрлі транспортерлар және өзге де соңғы үлгідегі құрылғылар бар. АӨК-тің басқарушысы Дмитрий Захаровтың айтуынша, өнімдер, соның ішінде картоп қыс, көктем маусымдарында қолжетімді бағада Оралға, Ақтөбеге, Ақтауға жіберіледі.

Қазір мұнда 25 механизатор тұрақты жұмыспен қамтылған. Маусымдық жұмыс кезінде 50 адам тартылады. Оларға күніне 8 мың теңге төленеді.

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале