Орал қаласындағы П. Атоян атындағы стадионда «Спорт күні – 2023» іс-шарасы өтті. Мерекелік кешке облыс әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров, спорт ардагерлері, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың басшылары, бапкерлер мен спортшылар қатысты.
Стадионға қарай ағылған жұрттың көбі – спортшылар. Десе де, іс-шараны тамашалауға келген тұрғындардың да қарасы аз болмады. Думанды іс-шараның шеруін спорт ардагерлері бастады. Олардың қатарында отандық спорттың деңгейін халықаралық дәрежеде көтеруге үлес қосқан азаматтар мен есімдері әлемге танылып үлгерген спортшылардың бапкерлері болды. Одан кейін облысымыздағы танымал спортшылар, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының және ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары мен спортшылары шеруді жалғастырды. Сондай-ақ қаладағы және аудандардағы спорт мектептерінде жаттығып жүрген болашақ спорт жұлдыздары да бұл қатардан қалыс қалмады.
– Спорттың адам өмірінде алатын орны ерекше. Ұрпақтың сау-саламат болуы ең бірінші кезекте дене тәрбиесіне байланысты екені анық. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту туралы айтып, қазақстандықтардың осыған оң көзқарасын қалыптастыруға ерекше назар аударады. Соңғы екі жылда 33 батысқазақстандық әлем чемпионы атанса, 14-і Азия чемпионы және 479-ы ел чемпионы болды. Бүгінде облысымызда 270 мыңнан астам адам спортпен тұрақты айналысады. Бұл облыс халқының 39 пайызын құрайды. 2027 жылдың соңына дейін осы көрсеткішті 50 пайызға жеткізу үшін жұмыс атқарылуда. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасына сәйкес облысымыздағы тоғыз ауданда спорттық кешендер пайдалануға беріліп, төрт кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін облыстың барлық ауданын дене шынықтыру-сауықтыру кешендерімен қамтимыз. Мемлекет тарапынан спортшыларға қолдау мол. Спортзалдармен қамтамасыз ету, бапкерлердің еңбекақысын көтеру жұмысы жалғасуда. Атқарылған жұмыс тұрғындардың спортқа бетбұрыс жасап, сенімді серік етуіне септігін тигізері сөзсіз, – деді жиынның ашылуында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы.
Өңір басшысы «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін 2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ерден Жанғалиевке, «ҚР Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісін БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкері Лариса Кругловаға, олимпиада резервтерін даярлау орталығының директоры Бибінұр Қапсатоваға, жауынгерлік өнер қауымдастығы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Қайырбек Оңдағановқа, сондай-ақ «ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» төсбелгісін қол күресінен тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында үш дүркін әлем чемпионы Насыр Махамбетовті дайындағаны үшін Азон Шаймардановқа табыстады. Сондай-ақ спорт саласының жиырмаға жуық қызметкері облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Мерекелік іс-шарада Спорт күніне орай ұйымдастырылған спорт ұйымдарының қызметшілері арасындағы облыстық спартакиаданың қорытындысы белгілі болды. Сайыс нәтижесінде І орынды Шыңғырлау ауданының командасы жеңіп алды. Ал ІІ орынды олимпиада резерві облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің командасы иеленсе, ІІІ орынға жекпе-жек спорт түрлерінен олимпиада резерві мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің қызметкерлері лайық деп танылды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияровтың айтуынша, осы мерекеге дайындық 3-4 ай бұрын басталған. Салтанатты жиынға 1000-нан астам спортшы қатысты. Сондай-ақ шеру спорт ардагерлері мен аға буын өкілдерінің еңбегін елеу, жас жеңімпаз-жүлдегерлерді қалың көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шарада басқарма басшысы 18 спорт ардагері мен бапкерге ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатын табыс етті. Бірқатарына «БҚО Үздік спорт қызметкері» төсбелгісін ұсынды. Тағы да бірнеше қызметкер «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырхановтың қолынан «Еңбек даңқы» төсбелгісі мен Құрмет грамотасын алды.
Аманжол Рахымжанұлы,
«Орал өңірі»