Қала әкімдігінде М. Шолохов көшесін күрделі жөндеу барысы жайлы баспасөз мәлімдемесі өтті.
Жиынға Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев, БҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының, «Карачаганак Петролеум Оперейтинг б.в.» компаниясының және БАҚ өкілдері қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Жандос Асхатұлының сөзінше, үш кезең бойынша жүзеге асып жатқан жол жұмысы бүгінде қарқынды жүріп жатыр.
«М. Шолохов көшесін Сырым Датов көшесінен Х. Есенжанов көшесіне дейін күрделі жөндеу» жобасы аясында 25 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында М. Шолохов пен С. Тюленин көшелерінің қиылысын жабу жоспарланған. Себебі бұл қиылыстағы жолға қиыршық тасты мастикалық асфальтбетон жабынының жоғары қабаты төселеді екен.
– Біздің негізгі мақсатымыз – осы жобаны сәтті әрі сапалы бітіру. Сол себепті туындаған қиындықтарды шешіп, жол жөндеудің қарқынын күшейтуге тырысып жатырмыз. Осы ретте түсіндіре кетейін, БҚО Полиция департаменті Әкімшілік полиция қызметінің келісімімен транзиттік көліктердің қала арқылы өтуін қамтамасыз ету үшін Миханов көшесі бойынша уақытша айналма жолды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Бұл көшенің Ғ. Құрманғалиев көшесінен К. Циолковский көшесіне дейінгі аралығында уақытша біржақты қозғалыс болады. Айта кетейік, көшелердің қиылысы мен бұрылыстарында бағдаршамдар орнатылады. Сондай-ақ Миханов көшесінің Гастелло, Тюленин, Громова, Орақбаев көшелерімен қиылыстарында уақытша блоктар қойылады. Аталған шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігі және көлік кептелістерін болдырмау үшін қабылданды. Себебі Миханов көшесі екінші реттік жол және қауіпті (апаттық) қиылыстардың бар екені белгілі, – деген қала әкімінің орынбасары Миханов көшесіндегі жолдың бір жақты қозғалысқа көшуіне кәсіпкерлік нысандардың басшылары түсіністікпен қарайды деп сенетінін айтты.
Осы жолмен жүк көліктерінің жүруіне байланысты тұрғындарға да ескерту керегін атап өтті.
Сонымен қатар жол сызбасы бойынша РФ-мен шекарадан Деркөл кентіне қарай кері бағытта қозғалатын көліктер М-32 «Самара-Шымкент» автожолынан Мичурино кентінің Магистральная көшесіне оң жақ бұрылыспен өтуі керек екен. Әрі қарай Магистральная көшесінен сол жақ бұрылыспен Заводская көшесіне, одан Бағбан көшесіне ауысып, Шолохов көшесіне жетеді. Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, қыркүйек айының 5-6 күндеріне дейін М. Шолохов көшесінің С.Тюлениннен бастап Ғ. Құрманғалиевке дейінгі аралығы ашылады деп жоспарланды.
БҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Олжас Ибраимов жалпы жолдың бірінші бөлігінде қауіпсіздік шаралары толық ұйымдастырылмағандықтан әзірге ашуға рұқсат бермей отырғанын ашық айтты.
– Бүгінде өңірде жол-көлік оқиғаларының орын алуы жиілеп кеткені бәріне белгілі. Біз жолдағы қауіпсіздікке жауап беретін болғандықтан ештеңені ескермей шешім қабылдай салуға болмайды. Тиісті талаптарға сай келген уақытта біздің тараптан рұқсат болады. Сондықтан бұл жерде қала тұрғындарының түсіністік танытуы маңызды, – деді Олжас Ибрайымов.
Аманжол Исламғали,
«Орал өңірі»