31.08.2023, 12:16
Оқылды: 126

Тасқалада халықаралық ақындар айтысы өтті

Тасқала аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең Тасқала» атауымен халықаралық ақындар айтысы өтті. Тасқала ауданының 90 жылдығына арналған сөз сайысына аудан әкімдігі мен облыстық ақындар ұйымы мұрындық болды.

жп таскала (7)

Жыр додасына республикалық айтыстарда шыңдалған, нағыз өткір тілді, сөзге шешен 12 ақын қатысты. Алдымен жүргізуші, айтыскер ақын, «Сырым елі» аудандық газетінің директор-редакторы Бауыржан Ширмединұлы:

- Тасқаланың төрінде тұр ғой бүгін,

Айтыстың аламаны басталғалы.

Шежін мен Тасқаланың арнасына,

Құйсын бүгін өлеңнің бастаулары.

Ассалаумағалейкүм, сәлем бердік,

Аманбысың, Тасқала тоқсандағы, – деп төкпелетіп сөз бәйгесінің шымылдығын түрді.

Одан әрі ақындарды сахна төріне шақырып, салтанатты түрде таныстырды.

Содан соң аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов ақындарға «Қош келдіңіз» айтып, жиналғандарды ауданның 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, халықты жырмен сусындатуға келген ақындарға сәттілік тіледі.

– Құрметті жерлестер, аудан қонақтары, бүгін ауданда үлкен той. Ауданымыздың 90 жылдығына орай халықаралық айтыс ұйымдастырылып отыр. Бүгінгі жыр додасына айтыстың алтын құрамы, өлеңнің сиқырын сыйлайтын ақындар қатыспақшы. Ұлт құндылықтары арасында айтыс өнерінің алар орны ерекше. Тасқала ауданының тамыры терең, тарихы кемел. Талай тарихи тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекенге қош келдіңіздер! Сіздерге аудан тұрғындары атынан алғысымды білдіремін. Ақындарға сәттілік, шабыт тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Баршаңызды 90 жылдық мерейтоймен құттықтаймын! – деді Бауыржан Есқайырұлы.

Аузымен құс тістеген азулы ақындар өнер көрсеткен жыр бәйгесінің бағасын беретін қазылар алқасы да халықтың ортасынан табылды.

Сөз сайысына белгілі жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, белгілі ұстаз, «Парасат» орденінің иегері Дариға Мұштанова, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қадір Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы, ақын Бауыржан Халиолла қазылық етті.

жп таскала (5)

Жыр додасын айтыстың ақтаңгері, қостанайлық Айбек Қалиев пен батысқазақстандық Мұрадым Мерлан бастады.

Төл өнерге сусап қалған қалың жұрт қос ақынға бірдей қошемет көрсетсе, ақындар сүбе сөздің маржанын суырып салып айтысты.

Төрт сағатқа созылған айтыс зал толы көрерменді жіпсіз байлады.

жп таскала (2)

Көптен бері айтыс тамашаламаған көрермен тағы да айта түссе екен деп, әр жұптан нәрлі сөз күтті.

жп таскала (6)

Бірақ уақыт шектеулі болғандықтан, әр ақын өз қал-қадірінше айтысты. Нәтижесінде қазылардың шешімімен көршілес Қырғыз елінен келген Арген Биймырза мен жайықтың аруы Жансая Мусина бас жүлдеге ие болды.

жп таскала (8)

Ал бірінші орын атыраулық Шалқарбай Ізбасаровқа, екінші орын батысқазақстандық Мұрадым Мирланға бұйырды.

жп таскала (12)

Үшінші орынға қос маңғыстаулық ақын Арғынбек Қалбаев пен Абай Жолмағамбетов табан тіресе, көпті көріп, талай айтыста жүлделі орын иеленіп жүрген Айбек Қалиев, Бекарыс Шойбек, Мұқтар Ниязов, Бауыржан Шимерденұлы, Талғат Мықи, Сезімхан Шұғаев сынды ақындар орыннан бас тартты.

жп таскала (11)

Сондай-ақ жыр додасына қатысқан басқа да ақындарға ынталандыру сыйлығы табысталды. Ал қырғыз елінен келген ақынға жерлесіміз, облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев дүйім жұрттың алдында ат мінгізді.

Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

жп таскала (1) жп таскала (3) жп таскала (9) жп таскала (10) жп таскала (13) жп таскала (14)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале