31.08.2023, 20:15
Оқылды: 42

«Ақжайық» соңғы сәтте жеңіске жетті

Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатының 22-інші турында «Ақжайық» алматылық «Қайрат -  Жастар» командасын қабылдады.

IMG-20230831-WA0146
Ойынның бірінші бөлігінде ширақ қимылдаған алматылық футболшылар есеп ашып, алға шықты.

Оралдық команда ойыншылары есеп теңестіруге тырысқанымен бірінші таймда қонақтар еш мүмкіндік бермеді.
Екінші тайм басталысымен Игорь Прохницкий ойынға Мұқағали Пангерейді қосты.
Техникасы мығым Мұқаш 52-інші минутта Микола Агаповқа тамаша пас шығарып, украиндық шабуылшы есеп теңестірді.
Ойын тізгінін қолға алған оралдық футболшылар шабуылдаған үстіне шабуылдай түсті.
Әсіресе оң қанатта ойқастаған Бағдәулет Көңілімқос белсенді болды.
Өліспей беріспейтін «Қайрат - Жастар» ойыншылары да қарап қалмай, шабуылдап отырды. Алматылықтардың әр шабуылын жас қақпашы Санжар Ерниязов сәтті тоқтатып, алаңдағы әріптестеріне сенім ұялатты.

70-інші минуттан соң алаңға Бекзат Иманғазеев қосылды. Ал Бақдәулет Көңілімқостың орнына тәжірибелі Руслан Хайыров шықты.
Бірақ ойын картинасы онша өзгере қоймады.
Тіпті «Қайрат - Жастар» ойыншылар гол соғатын тамаша мүмкіндікке ие болды. Қонақтар шабуылшысының бос қақпаға тепкен соққысын Мейрам Сапанов алып шықты.
Ойын 1:1 есебімен аяқталатындай еді.
Бірақ ондай есеппен Бекзат Иманғазеев пен Микола Агапов келіспеді.
Қонақтардың айып алаңы алдында доп қабылдаған Бекзаттың соққысын «Қайрат» қорғаушылары қайтарып еді, серпілген допқа Микола Агапов жетіп, Оралға жеңіс сыйлады.

Динара Насыр,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале