Бүгінде токарь, слесарь (темір жонушы) мамандарын көп кездестіре алмайсыз. Қаладағы зауыттарда болмаса, ауылда темірден түйін түйген шеберлерді табу қиын. Кезінде көрік қыздырған темір ұстасы, кейін темірді илейтін токарь мамандарының елге пайдасы тиді. Кеңес заманында қызмет жасаған аға буын өкілдері жақсы біледі.
Казталов ауданында да «Сельхозтехника», «ТП», «ХРСУ» секілді мүйізі қарағайдай мекемелер болды. Бала болсақ та шет жағын көріп қалдық. Сол мекемелерде қарайған техникалар болатын. Техникаларға қажетті бөлшектерді жону – токарьдың басты міндеті. Бір ғана болтты жонып, оған бұранда жасау үшін темір жонушыға жүгінеріңіз анық. Иә,«бәлду-бәлду бәрі өтірік» демекші, Кеңес үкіметі тоқырағаннан кейін бұл мамандық иелерін де таппай қалдық. Бәрі келмеске кеткендей. «Ауданда темір жонатын ұста жоқ» деп қолымызды бір сілтедік. Бірақ бұл қимылымыздың оғаш екенін кейін түсінгендейміз...
Сонымен қателесіппіз. Ауданда темір жонатын токарь маманы бар екен. Керек десеңіз, кезіндегі білдектерді (станоктарды) да іске асырып, халыққа қызмет көрсетуде. Біздің кейіпкеріміз, ерекше мамандық иесі казталовтық – Жанайдар Ғаббасов. «Әке көрген оқ жонар» деген мақал дәл осы жерге дөп түскендей. Жанайдар ағамыз ауданымызда жақсы танымал инженер болған марқұм Нәбиолла Ғаббасовтың кіші ұлы. Заманында дүркіреген «Сельхозтехника» мекемесінде токарь болып қызмет жасаған Жанайдар аға мекеме тарағаннан кейін, тұралап қалған білдектерді үлесіне алып қалған. Бірақ, темірді илейтін білдектерді іске қосу оңай болмапты. Округ әкімі Ернар Ғалымовпен бірге ерекше мамандық иесіне барып, әңгімелесіп қайтқан болатынбыз.
Аудан орталығының Сельхоз бағытында тұратын кейіпкеріміздің гаражына кіріп, темірді тесіп, жонатын құрылғыларға жан біткенін көрдік. Үй иесімен тілдестік.
- Менің әкем Нәбиолла да токарь болып қызмет жасап, кейін инженер болды. Әкеміздің қасында жүріп біраз нәрсені үйрендік. Мектеп бітіргеннен кейін мені әкем Саратов облысына токарь мамандығына оқуға жіберді. Энгельс қаласындағы оқу орнын бітіріп келіп, аудандағы әйгілі «Сельхозтехника» мекемесіне токарь мамандығым бойынша қызметке тұрдым. Содан мекеме тарағанша 20 жыл жұмыс жасадым. Сол кезде осы мамандықтың барлық қыр-сырын үйрендім десем болады. Мекеме тараған кезде үлесіме темір жонатын білдектер тиді. Тоқырау уақытында мекемені жан-жақтан тонай бастады. Өз уақытында кәдеге жараған білдектер енді ешкімге керек болмай қалды. Өзімнің үлесіме тигесін, бір жағынан маманы болғасын білдектерді үйге тасып алдым. Дегенмен, күні кешеге дейін іске қоса алмадым. Себебі, үш фазалық электр тогынан қуат алатын бұл білдектерді қосуға аудандық электр торабы басшысынан рұқсат берілмеді. Он бір жыл жұмысым жүрмей тұрды. Былтыр мекемеге мың болғыр жаңа басшы келіп, барлық құжаттарын реттеп, қосып берді,-деп әңгімесін өрбітті Жанайдар ағамыз.
Маманның айтуынша, темір жонатын ұста ауданымызда жоқтың қасы. Қазіргі ауыл шаруашылық техникалары мен басқа да темір бөлшегі бар көліктерге қажетті темірді жону аудай қажет. Ағамыздың жұмысына сұраныс көп екен. Бір қиыны темірден қажетті бөлшектер дайындайтын материал таптырмайтын көрінеді.
– Маған келіп: «Жанайдар, мына кішкетай болтқа бұранда шығарып берші немесе мына бір темірді жонып берші» деп келетін азаматтардың қарасы қалың. Әсіресе, шаруа қожалық жетекшілері көп келеді. Әттең, керек материалды табу қиын. Сатып алу үшін біраз қаражат керек. Амал жоқ металл қалдықтарын қабылдайтын жерлерді жағалап, бөлшектер іздеймін,-деп ағынан жарылды Жанайдар Нәбиоллаұлы.
Ерекше мамандық иесі кәсібін дөңгелету үшін мемлекет тарапынан қолдау болса дейді. Ағамыздың бұл жоспарын қолдаған округ әкімі Ернар Бахтиярұлы «Ауыл аманаты» жобасына қатысуды ұсынды. Расында ағамыздың бұл кәсібі жаңа болмаса да қазіргі тілмен инновация болуға бірден лайықты және болашағы бар.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz