Облыс бойынша экономикалық тұрғыдан белсенді халықтың саны – 349,8 мың адам. Соның ішінде 17,2 мыңы – жұмыссыздар. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,9%, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,8%. Бұл жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асан Нарымбаев хабарлады.
Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте басқарма басшысы жұмыссыздықпен күрес бағытында атқарылған шаралар туралы баяндады. Асан Маратұлының мәліметі бойынша арнайы біліктілігі жоқ жұмыссыздарды және студенттер мен оқушыларды оқудан тыс уақытта уақытша жұмыспен қамтуға арналған жоба аясында қоғамдық жұмыс орындарына 4 мыңнан астам адам тартылды. Бұл шара азаматтарды 12 ай мерзімге дейін айына 25 АЕК көлеміндегі жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Биыл әлеуметтік жұмыс орындарына 816 адамды тарту жоспарланған. Аталған шара жұмыссыз санатындағы адамды 12 ай мерзімге айлық жалақысының 35%-ын субсидиялау арқылы жұмыспен қамтуға бағытталған. «Жастар практикасы» бойынша – 822, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 177 жас маман жұмысқа орналасты.
– Егде азаматтар да мемлекет назарынан тыс қалып жатқан жоқ. «Күміс жас» жобасы бойынша жасы 50-ден асқан азаматтарды кемінде үш жылға жұмысқа орналастыру көзделген. Мемлекет тарапынан қатысушының жалақысын субсидиялау мөлшері алғашқы жылы 75%, ал қалған жылдары сәйкесінше 65% және 60%-ды құрайды. Жоба аяқталғаннан кейін жұмыс беруші қатысушыны кемінде 1 жыл бойы жұмыспен қамтуға міндетті. Бұл жоба бойынша бүгінгі күні 331 адам жолдама алды, – деді басқарма басшысы.
Нұрлан Ғаппар
zhaikpress.kz