Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Бірік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Жиында округ әкімі Жігер Жакиев атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштерді баяндаса, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жадыра Болатова округке бөлінген қаржының игерілуі және трансферттер жөнінде, аудандық «Мансап» орталығының директоры Эльмира Сармалаева Бірікте мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді.
Сондай-ақ жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, «AMANAT» партиясы Казталов аудандық. филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ишанов, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанболат Темірғалиев, аудандық электр торабы басшысы Дамир Сарсембиев, учаскелік инспектор және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Өткен тоқсанда тұрғындар тарапынан әкімдерге Әжібай ауылына кіреберіс жолдың дұрыс жөнделмеген жерлерін қайта жөнделуін қадағалау, мал бағымын дұрыс ұйымдастыру, округ орталығындағы электр желілерін жаңарту, дамбаны көтеру жұмыстарын жүргізу, Бірік жалпы орта білім беретін мектебін күрделі жөндеуге және мектеп-интернат құрылысына жобалық-сметалық құжат жасақтау, Қызылту елді мекенінің қызыл аймағын белгілеп беру сынды мәселелер көтерілді.
Халықтың үніне жергілікті атқарушы билік те құлақ түріп, әрекет жасауда.
Мәселен, мердігер «Жайық Сити» ЖШС шілде айында Әжібай ауылының кіреберіс жолының кемшіліктер пайда болған учаскелеріне қайта асфальт жамылғысын төсеп, жол белгілеулерін орнатып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар Бірік ауылдық округі Әжібай ауылы бойынша мал бағымы «Атамекен» АШӨК арқылы, Қызылту және Саралжын ауылдарында ірі қарамал бағымы ауыл тұрғындардың кезекпен бағу жүзеге асырылып отыр. Сондай-ақ Әжібай ауылында жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын 100 бағана ауыстырылған.
Ал 2023 жылдың 27 маусым күні аудандық жерқатынастары бөлімінің басшысы Сағат Нұрмағанбетов Қызылту елді мекені тұрғындарымен кездесіп, қызыл аймақ жерлерін белгілеп берген. Дамбаны көтеру мәселесі де конкурстық рәсімдер аяқталған соң шешімін таппақ.
Округ тұрғындарын алаңдатқан Бірік ОЖББМ күрделі жөндеу және мектеп жанындағы интернат құрылыс салу мәселесі қатысты аудандық білім беру бөлімінің жауабы мынадай: «2021 жылдың мамыр айында «Alteke – Holding» ЖШС – нің жетекшілігімен Бірік ЖОББМ ғимаратына техникалық бақылау жұмыстары жүргізілді. Жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін 4 500,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. БҚО ауылдық аумақтарын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған Жол картасы бойынша мектепсалу 2026 жылға белгіленді. 2023 жылдың маусымайында «Sarapshy KZ» ЖШС-нің жетекшілігімен мектеп жанындағы интернат ғимаратына техникалық бақылау жұмыстары жүргізілді. Жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін 4 500,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім жолданды. БҚО ауылдық аумақтарын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған Жол картасы бойынша интернат 2025 жылға белгіленді. Интернат құрылысының қажеттілігі туралы облыстық білім басқармасына 06.01.2023 жылғы № 1-11/2 хат жолданды», - делінген.
Жиында округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі, халықтың қауіпсіздігі, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселелері талқыланды.
Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы