5.08.2016, 17:00
Оқылды: 55

Достық үйінде «Медиация институтының дамуы» атты форум өтті

IMG_8800         «Медиация күні» республикалық акциясы аясында «Медиация институтының дамуы» атты форум өтті.


         Қаламыздағы Достық үйінде өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов және облыстық соттың төрағасы Бек Әметов арнайы қатысты.

- Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттарының бірі елдегі медиация институттарын дамыту болып табылады. Ағымдағы жылдың 30 маусымында Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты Қазақстан Республикасында медиация институтын дамыту жайлы Меморандумға, сонымен қатар Меморандумды жүзеге асыру бойынша іс- қимыл жоспарына қол қойды. Біз бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында барлық аудандарда, ауылдық округтерде және ірі кәсіпорындарда «Медиация күні» республикалық акциясын өткізіп отырмыз. Ондағы мақсат - медиация институттарын Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастыра отырып, оны шиеленістер мен дауларды шешудің әдісі ретінде насихаттау, келіспеушілік пен дауларды шешудегі табыстыру процедураларының тиімділігін түсіндіру болып табылады, - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов жиынды ашқан кіріспе сөзінде.

Форумда облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, кәсіби медиатор Дархан Қабиев даулы мәселелерді шешудегі, бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы медиацияның маңызы жайында баяндамалар жасады.

- Медиация ғасырлар бойы бейбітшілік пен келісімді орнықтыру мақсатында қолданылғаны мәлім. Бүгінгі таңда, бүкіләлемдік тәжірибе медиацияның ірі бизнестерден бастап, жанұялық дау-жанжалдарда, үй шаруашылығына байланысты дүниені бөлісу мәселелерінде қолданылатынын дәлелдейді. Халықаралық санаққа жүгінетін болсақ, медиация арқылы бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы қаралса, оның 85 пайызы ойдағыдай нәтижеге ие болады. Медиация достық қарым қатынастарды сақтап қалумен қатар абыройға кір келтірмеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйлерінің базасында, селолық әкімдіктер жанында медиация кабинеттері ашылып, бір қатар жұмыстар қолға алынды. Бұл бағытта алда атқарылар істер көп. Сол жоспарланған жұмыстардың пәрменділігін арттыру бүгінгі кездесудін басты мақсаты, - деді Ғайса Хамидоллаұлы өз баяндамасында.

Шара барысында «Татулас» медиация орталығының кәсіби медиаторы Дархан Хабиев, Батыс Қазақстан облысының Әділет департаменті бастығының орынбасары Хамидолла Мұхитұлы, «Медиация дамыту орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры, кәсіби медиатор Қатира Құлмағамбетова медиация саласындағы белсенді жұмыстары үшін облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Аталмыш акция аясында қаламыздағы Достық үйінде, «Батыс Су арнасы» АҚ-да, сондай-ақ, аудандарда, ауылдық округ әкімдіктерінде барлығы 144 медиация кабинеті жұмыс жасады. Онда тұрғындар өздеріне қажетті құқықтық мәселелер бойынша кеңес алды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»
www.zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале