Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында дзюдодан күміс медаль жеңіп алған Абиба Абужақынова жүлдесін жол апатынан қайтыс болған құрбысына арнайтынын айтты. Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің telegram каналында хабарланды.
«Осы медальді жан құрбыма арнаймын. Жақында ғана қырқы өткен, соған қатысып осында келдім. Онымен интернатта бірге оқығанбыз»,- деді Абиба Абужақынова.
Еске салсақ, Азиаданың алғашқы күнінде дзюдошыларымыз құрама қоржынына екі медаль салды. Абиба Абужақынова 48 келіге дейінгі салмақта күміс медаль жеңіп алса, Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия ойындарына қатысып жатқан дзюдодан ұлттық құрама спортшыларымен кездесті. Министр Азия ойындарының жүлдегерлерін құттықтап, Париж Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуді тіледі.