Алматыда жалпы жүлде қоры 8 миллион теңгені құрайтын тоғызқұмалақтан оқушылар арасындағы әлем чемпионаты өтті.
Тұңғыш рет ұйымдастырылған озық ойлы спортшылар жарысы күні кеше мәреге жетті. Оған әлемнің 17 елінен келген жас тоғызқұмалақшылар қатысты. Ойынның рапид және блиц түрлерінен өзара мықтыны анықтаған сынның нәтижесінде сегіз алтын медаль еншілеген Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленді.
Ел спортшыларының осындай биікке көтерілуіне облыс спортшылары да өз үлесін қосты. Атап айтатын болсақ, тоғызқұмалақтың блиц түрінде бақ сынаған Альбина Ешмұқан U-15 санатында күміс жүлдегер атанып, 250 мың теңге сыйақы иеленді. Ал 17 жасқа дейінгі қыздар арасында өнер көрсеткен Самира Оразмұхамбет блиц жарысының чемпионы атанды. Ол 450 мың теңге иеленді. Тоғызқұмалақшылар әлем чемпионатына баруға қолдау білдірген №2 БЖСМ директоры Е. Жанғалиевке алғыс білдіреді.
Сондай-ақ спортшылар Жарасхан Сағынбаев, Ализа Ерниязова, Данияр Орынбасаров сынды бапкерлеріне де ерекше алғыс айтады.