26.09.2023, 10:30
Оқылды: 135

«Дронмен де барлауға болады»

Облыс  әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. 

DSC_2372

Жиында ең әуелі облыс прокуроры Серік Шалабаев өңіріміздегі жол-көлік оқиғалары салдары туралы баяндады. Одан  кейін облыс прокурорының бірінші орынбасары Дәурен Омарғалиев сөз алды. Оның мәлімдеуінше, өңіріміздегі жол инфрақұрылымын дамыту қажет. Мәселен, Орал қаласында 5 142 жол белгісі қойылмаған. Кейбір көрсеткіштер ескірген. Жуырда Миханов және Гастелло көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылуын талап етіп, тұрғындар наразылық білдірді. Осы жерге бағдаршам орнату жөніндегі нұсқама өткен жылы қараша айында берілген. Бірақ оны орындамаған. Жергілікті атқарушы құрылым өкілдері полиция талаптарын ескеруі тиіс. Жүргізілген талдаулар нәтижесінде облыста 46 адамның наркологиялық есепте тұрғаны және оларда жүргізуші куәлігі бар екені анықталған.

– Атырау – Орал  автожолы – өлім жолы. Бұл жолда биыл, яғни 8 айда 19 апат орын алды. Соның кесірінен 15 адам қаза тауып, 34 адам зардап шекті. Атырау – Орал автожолы 1960-1970 жылдары салынған. Негізі, бұл жолмен тәулігіне 3500 автокөлік жүріп өтуі тиіс. Қазіргі таңда бұл жолмен діттеген жеріне асыққандар саны 8500-ді құрайды. Бұл жол 4 жолақты болуы керек. Соған орай Атырау – Орал трассасын қайта жаңарту үшін жоба әзірленуде. Самара – Шымкент жолында да жол-көлік оқиғасы көптеп орын алады. Жуырда ата-анасы мен төрт баланың жанын жалмаған апаттан жүрек сыздады. Бұлай жалғаспауы қажет. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жұмысты ширатайық! Апаттың алдын алу шараларының сапасын арттырайық! Жолкөлік оқиғасы өте аз орын алатын елдерді зерттейік. Қозғалысты жоғары деңгейде бақылап отыру үшін дрондарды пайдалануға болады.

Бұл патрульдік экипаждардың жетіспеушілігін жоюы мүмкін. Дрондар өзге елдерде, Қазақстанның кейбір аймағында қолданыла бастады. Мұндай құрылғылардың пайдаланылып жүргенін естіген жүргізушілер бірден етек-жеңін жияды.

2023-2025 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі жол картасы әзірленді. Әр жол-көлік оқиғасына кінәлі тұлға жауапқа тартылуы тиіс, – деді Дәурен Батырғалиұлы.

Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің сөзіне сүйенсек, биыл жыл басынан бері 13 жедел-профилактикалық іс-шара жүргізіліп, 127 754 жолда жүру ережесін бұзуға қатысты 127754 дерегі анықталған. Соның нәтижесінде соттың шешімімен 885 жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылған. Жалпы 116 506 құқықбұзушыға 1 млрд 356 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

– Соңғы бес жылда облыс бойынша 6938 тексеру жүргізіліп, жергілікті атқарушы құрылымдарға 6700 нұсқама берілді. Жасыл желектер уақтылы кесілмейді. Жол белгілері қарапайым эмальмен сырланғандықтан қараңғыда көрінбейді. Жел шайқаған жол белгілері қисайып, құлап жатады. Қыс мезгілінде мұзды тез ойып, тазалау немесе құмды жедел төсеу үшін автожолдар бойындағы құм базаларының санын көбейту және жолды тазалауға арналған шағын автомашиналар сатып алу қажет. Биыл оқыстан малға қақтығысу бойынша жол-көлік оқиғаларының саны артты. Негізі, жол бойына қоршаулар орнатылғаны ләзім. Биыл 30 тамызда электр самокаттарды қолдану қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, күшіне енді. Енді олармен тротуарда да, жолдың шетінде де жүруге рұқсат етіледі. Бұл біріншіден, жаяу жүргіншілерге, екіншіден, электр самокаттардың жүргізушілеріне қауіпті. Сондықтан арнайы жолақ салған дұрыс. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жол-көлік оқиғаларының туындау себептерін анықтап, олардың зардабының ауырлығын төмендетуге міндеттіміз, – деді Жанболат Жасқайратұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың хабарлауынша, өңіріміздегі 615 шақырымнан астам жолды жөндеуге 81,5 млрд теңге бөлінген. Республикалық жолдарды күтіп ұстауға 1,4 млрд теңге беріліп, бұл бағытта «Қазақавтожол» ЖШС жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта 436 маман және 240 техника жұмылдырылған.

Қыста жолдарды күтіп ұстауға  техника  жетіспейді.  Өз кезегінде облыс әкімі Нариман Төреғалиев пен облыс прокуроры Серік Рысқалиұлы баяндамашыларға сауал-сұрақтарын жаудырып, өтініш-талаптарын жеткізді.

– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу – өте өзекті мәселе. Жүйелі жұмыс жүргізіліп, көп жобалар іске асырылып жатса да, апаттың азаятын түрі жоқ. Жұмыла қызмет етіп, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек. Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру жөніндегі жол картасына түйткілді мәселелердің бәрін енгізу қажет. Жауаптылар бекітіліп, шаралар қатаң бақылауға алынсын.

Олқылықтардың орнын толтыру – негізгі мақсатымыз. Әлеуметтік желілер және теледидар арқылы түсінік жұмыстарын күшейткен дұрыс, – деді Нариман Төреғалиұлы.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале