26.09.2023, 14:30
Оқылды: 72

Мемлекетке 108 миллион теңгеден астам залал келтірілгені анықталған

БҚО өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуровтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

6601b7d8-cbad-44bf-b1db-112e65ab9d89

Ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын облыста іске асыру шеңберінде атқарылған жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.

Спикердің мәлімдеуінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасында жер қатынастары, жолдар мен инфрақұрылым, экология, ауыл шаруашылығы, медицина, білім беру, сондай-ақ бизнесті қорғау секілді жеті маңызды бағыт айқындалған. Жалпы биыл өңірдің нақты әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бағытында 7 мониторинг жүргізілген. Соның нәтижесінде жер учаскелерін бөлу кезінде жердің нысаналы мақсатын заңсыз өзгерту деректері анықталған көрінеді. Оларды беру туралы қаулылардың күшін жою жөнінде нұсқама жолданған.

– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны жою мақсатында жүйелі түрде жұмыстанып келеміз. Көпшілікке мәлім, біздің облыс агроөнеркәсіптік өңір. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жерлерінің тапшылығы туралы көптеген хабарлама келіп түсуде. Тексерістердің арқасында жалпы ауданы 119 мың гектар 121 игерілмеген ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Ауыз суды субсидиялау саласында да олқылықтардың орын алғаны, мемлекетке 108 миллион теңгеден астам залал келтірілгені анықталып, қазіргі уақытта аталған соманы өтеу бойынша шаралар қабылдануда. Агенттік жыл басталғалы «Бизнес жол» жобасын іске асырып жатыр. Бүгінгі таңда біз 400-ден астам кәсіпкердің жер қатынастары, бақылау және қадағалау, инфрақұрылым, әкімшілік тәжірибе, мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік мүлікті басқару, экология салалары бойынша мәселелерін шештік. Мысалы, білім беру саласында мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды орындау мерзімдері заңсыз қысқартылған. 40-тан астам білім беру ұйымы 180 бизнес субъектісімен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан кезде күнтізбелік он бес күннен аз мерзім көрсетіп, кәсіпкерлердің құқығын шектеген. 37 мың тұрғыны бар 52 елдімекен үшін су құнын арзандатуға субсидия берілмеген, – деді Әділхан Бәделханұлы.

Департамент басшысының баяндауынша, жоғарыда аталған деректер бойынша шаралар қабылданып, тиісті жұмыс жүргізіледі.

Айта кетейік, кез келген азамат Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 1424 Call-орталығына қоңырау шалып, назарына ілінген күдікті жайттар, күмәнді іс-әрекеттер жайында хабарлай алады.

 

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале