26.09.2023, 16:00
Оқылды: 98

Сырымда балаларға арналған 59 үйірме жұмыс жасайды

Сырым ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев төрағалық етті. Комиссияда бүгінгі күні кәмелеттік жасқа толмағандар арасында өзекті мәселелер талқыға салынды. Қазіргі уақытта оқушылар арасындағы бопсалау, ақша сұрап, әлімжеттік жасау өршіп тұр. Ал 18-ге толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ балалардың мопед, көлік жүргізгенін көріп, көзің сүрінеді.

кдн 1

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мектеп оқушылары арасындағы бопсалаушылықтың алдын-алу бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділ Ахмет хабарлады.

Әділ Еркінұлының мәлімдеуінше, құқықбұзушылықтардың алдын-алу мақсатында бірқатар жұмыс атқарылса да, 2023 жылдың мамыр айында М.Қаналиев атындағы Алғабас орта мектеп-бөбекжай кешенінде бопсалаушылық бойынша жағдай орын алған. Аталған жағдай бойынша білім беру бөлімі тарапынан 11.05.2023 жылғы №189 бұйрықпен қызметтік тексеріс тағайындалған.

Жүргізілген қызметтік тексеріс барысында мектепте құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың, бопсалаушылықтың алдын алу және оған әрекет жасау мәселелерін зерттеу мақсатында сауалнамалар уақтылы жүргізіліп қорытындыланғаны, алайда қорытындылар тиісті деңгейде талқыланбағаны, педагог-психолог пен сынып жетекші ортасында байланыстың орнатылмағандығы, сынып жетекші, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары толық ақпарат алмағандығы анықталды.

кдн 3

Анықталған кемшіліктер бойынша мектеп балабақша кешенінің директорына, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына, 9,10,11 сыныптардың жетекшілеріне және педагог-психологке тәртіптік жаза қолданылды. Қазіргі таңда мектепте бір оқушы есепте тұр.

Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде жүруі және автокөлік, жеңіл автокөлік, мопед жүргізуінің алдын алу бойынша атқарылған жұмыс туралы аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы, аға лейтенант Рауан Құмарғалиев баяндады.

2023 жылдың 8 айында кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің түнде тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілсіз жүрген 80 дерек анықталып, ата-аналарына ҚР ӘҚБтК 442-бабы 2-бөлімімен әкімшілік хаттама толтырылған. Айта кетейік, 2022 жылы 8 айда 71 әкімшілік құқықбұзушылық хаттама толтырылған.

Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу, оларға білім беру, сондай-ақ оларға күтім жасау және күтіп-бағу жөнiндегi мiндеттердi орындамағандары үшін 4 ата-ана ҚР ӘҚБтК 127 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. (2022 жылы 8 айда 5 әкімшілік құқықбұзушылық). Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған, жүргізуші куәлігі жоқ балалардың автокөлікті басқару дерегі бойынша екі ата-ана ҚР ӘҚБтК 612-бабы 5-бөлігімен жауапкершілікке тартылған.

15 маусымда Жымпиты-Қаратөбе тас жолының 75 шақырымында Сарой ауылдық округі аумағында Қаратөбе ауданының тұрғыны Т.Иманғалиевтің басқаруындағы ВАЗ 2114 маркалы көлігі ауып,  жол көлік оқиғасы салдарынан 2016 жылғы жасөспірім қайтыс болды. Сондай-ақ, ағымдағы жылғы жол көлік оқиғалары салдарынан басқа да жол көлік оқиғалары бойынша 7 кәмелет жасына толмаған жасөспірім әртүрлі дене жарақаттарын алды.

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу шаралары жүргізіліп, мектеп оқушылары арасында жол ережелері туралы әр түрлі тақырыптарда дәріс оқылып жатыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта скутер, мопедтердің көбеюіне байланысты жол қозғалысы саласындағы заңнаманың талаптарын оқыту және түсіндіру бойынша кең ауқымды акциялар, түсіндірме жұмысы Сырым АПб-нің facebook, instagram парақшаларына жариялануда. 2023 жылда ауданымызда скутер, мопедтердің қатысуымен жол көлік оқиғалары фактілері тіркелген жоқ.

Балаларға арналған мәдени және спорттық үйірмелердің жұмысы туралы аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ержан Махмет хабарлама жасады.

Ержан Ергенғалиұлының мәліметінше, жасөспірімдердің бойындағы өнерді дамыту олардың бос уақыттарын тиімді өткізулеріне жағдай жасауда ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері көп септігін тигізіп отыр. Ән, би, домбыра, драма, көркем сөз, мәнерлеп оқу, вокалды-аспапты ансамбль, КТК сынды 59 үйірме жұмыс жасауда. Бұл үйірмелерге 302 балдар қатыстырылады, оның ішінде 266-сы мектеп оқушылары, 36-сы түрлі жастағы жас болып келеді.

Аудан бойынша кейбір елді мекендерде соңғы жылдары клубтардың тозығы жетіп, ескіруімен қатар халық санының азаюы себебінен және де кадр жетіспеушілігіне байланысты үйірмелер мен қатысушылар саны қысқартылса, ал кейбір ауылдық мәдениет үйлерінде жаңадан үйірмелер қосылып, қысқартылған үйірмелер орны толықтырылды.

Жиынды аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының төрағасы Артур Шерғалиев қортындылап, көтерілген мәселелер бойынша тисті мекеме басшыларына қатаң қадағалау шараларын тапсырды.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале