2.10.2023, 16:30
Оқылды: 65

Қос футболшыға құрмет көрсетілді

Бәйтерек ауданы Переметный ауылының жастарын спортқа баулыған Александр Любавин мен футболшы Алексей Терехов көпке таныс. Өмірден ерте өтсе де, аудан аяқдобының жаңа деңгейге көтерілуіне аянбай еңбек еткен жандардың есімін ұлықтау бір сәтке де тоқтаған емес. Александр Сергеевич пен Алексей Геннадьевичтің достары мен замандастары және туыстары ауылдың қос спортшысын еске алу турнирін 17 жылдан бері өткізіп келеді.

1 (1)

Биыл да дәстүрден айнымаған переметныйлықтар футбол тойына балғын ойыншылармен қатар ардагер аяқдопшыларды шақырды. Облыс көлеміндегі жарыстың өтуіне Алексей Терехов пен Александр Любавиннің туыстары мен футболдан студенттер арасында өткен Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, «Ақжайық» футбол клубының ойыншысы болған Бақыт Иргусаев мұрындық болды.

Жарыстың ашылу салтанатына Переметный ауылдық округінің әкімі Алексей Герасимов, Терехов Алексейдің әкесі Геннадий Терехов пен анасы Галина Терехова, Александр Любавиннің жары Роза Любавина мен ұлы Сергей, спорт ардагері Иван Юнусов және жарыс демеушісі Бақыт Иргусаев қатысты.

1 (4)

Ауыл футболын дамыту жолында аянбай еңбек еткен қос спортшының өмірі мен игі істері жайында айтқан қонақтар қатысушыларға сәттілік тіледі.

1 (3)

Ғұмырлары қысқа болса да, жасаған ісі біраз жанға үлгі болған қос спортшының құрметіне өткен жарыс қызық болды. Қорытындысында жас футболшылар бәсекесінде «Бәйтерек-Зачаганск» үшінші, «Бәйтерек-1» командасы екінші орын иеленсе, «Ақжайық-Жас» футболшылары бас жүлдені қанжығалады. Ал Арман Нығмет «Үздік қорғаушы», Исмаил Тілекқабыл «Үздік қақпашы», Ислам Амреев «Үздік шабуылшы», Диас Нұрлыбек «Үздік ойыншы» аталымын иемденді.

1 (5)

Футбол көркін қыздырған ардагерлер де әдемі ойынымен көрерменнің делебесін қоздырды. Қорытындысында үшінші орын «Локомотив», екінші орын «Ветераны» командасына бұйырса, «БЖСМ» командасы жарыс жеңімпазы атанды. Әдемі ойын көрсеткен Петр Ковтун «Үздік қақпашы», Расул Бисембаев «Үздік қорғаушы», Айдос Карсақов «Үздік шабуылшы», Әлібек Жанғалиев «Үздік ойыншы» аталымын жеңіп алды.

1 (7)

Талай таланттың өмірден жолын табуға жәрдем жасап, футболшылардың бірнеше буынын тәрбиелеген қос дүлдүл құрметіне ұйымдастырылатын жарыс келер жылы да жалғаспақ.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале