БҚО тарихи-мәдени ескерткішке толы. Біздің даламыз құнды жәдігерге бай. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында жалпы саны 2 143 тарихи және мәдени ескерткіш болса, соның ішінде республикалық маңызы бар 30 ескерткіш, жергілікті маңызы бар 2 111 ескерткіш мемлекеттік тізімге енгізілген.
Ұлттық тарих пен мәдениеттің құнды жәдігерлері болып есептелетін бұл байлығымызды қалай қорғап жүрміз? Біз осы сұрақты БҚО-ның мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновке қойдық.
- Айрықша тарихи-мәдени мұра нысандарын қайта қалпына келтіру мен сақтау, музейлендіру мәселелері отандық мәдениет саласы үшін қашанда өзекті екендігі белгілі. Өңірде 1996 жылдан бастап тарихи-мәдени мұраны есепке алу, қорғау және сақтау бағытында басқармаға қарасты облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясы жұмыс жасайды. 2022 жылы мекеме ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Сонымен бірге бөлінген қаражат шеңберінде материалдық-техникалық база жабдықталып жатыр,- дейді басқарма басшысы Сайран Дүйсенов.
Біріншіден, БҚО-да 1945 археологиялық нысан бар. Мәдени тарихи ескерткіштердің екінші түрі қала құрылысы және сәулет ескерткіштері. Аймақта бұл тізімге 135 нысан кіреді. Үшіншісі, ансамбльдер мен кешендер. Батыста 26 нысан осы тізім бойынша қорғауға алынған. Төртіншісі киелі объектілер. Облыс бойынша Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне 9 нысан енгізілген. Олардың қатарында Жайық қалашығы, Хан Ордасы музей-қорығы, Тақсай қорғандар кешені, Жұмағазы Хазірет кесенесі (Дәдем ата), Ғұмар Қараш кесенесі, Дәулеткерей кесенесі, Алашорда музей, Сегізсай және Қырықоба қорғандар кешені кіреді.
Тарихи-мәдени ескерткіштердің бесінші түрі монументтік өнер құрылыстары.
- Біздің өңірде ондай 37 нысан бар, - дейді басқарма мамандары.
Биыл республикалық бюджет есебінен 4 нысанға, соның ішінде Орал қаласындағы 1901 жылғы бұрынғы көпес А. Каревтің үйі, қазіргі Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы мен 1896 жылғы бұрынғы әскери шаруашылық басқармасы, қазіргі Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы ғимараттарын ғылыми-реставрация жасауға 252 миллион теңге қарастырылған. Аталмыш жұмыстар 2024 жылы аяқталады. Ал 1872 жылғы Хан Ордасы музей-қорығы құрамындағы Аурухана-амбулатория ғимараты мен 1842 жылғы мемлекет және қоғам қайраткері А. Оразбаева үйіне 170 млн. теңге қарастырылған. Мұнымен қоса, биыл қайта қалпына келтіру жұмысын аяқтау жоспарланып, - дейді БҚО-ның мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов.
- Мәселен, Орал қаласының тарихи бөлігінде орналасқан бұрынғы 1864 жылғы орыс-қазақ мектебі. Ол қазір облыстық тарихи-өлкетану музейі болып тұр. Ал атамандар үйі қазіргі облыстық полиция департаментінің емханасы бар госпиталі және бұрынғы типтік қалалық тұрғынжай, 1878 жылғы қазіргі Орал гарнизонының әскери прокуратурасы ғимараттарына жедел түрде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу қажет. Сол үшін басқарма мүдделі мемлекеттік мекемелермен тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр, - деп мәлімдеді басқарма басшысы Сайран Темірғалиұлы.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz