Бүгін Казталов ауданы орталығында "Muntaz" көлік жуу бекеті ашылды. "Хамит" жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Жеңіс Хамит ашқан жаңа нысанның ерекшелігі көлігін жууға келген азаматтар өзіне-өзі қызмет жасайды.
Яғни, ақшаңызды төлеп, көлігіңізді өзіңіз жуа аласыз. Айта кету керек, мұндай қызмет көрсететін көлік жуу бекеті Казталов ауданында алғаш рет ашылуда.
Еңбекқор жас кәсіпкер Жеңіс осыған дейін үйінің ауласынан кілем жуған болса, бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, кәсібін ұлғайтып отыр.
Жаңадан бой көтерген нысанның ашылу салтанатына аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманжол Қажығалиев, Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов қатысып, жас кәсіпкердің жаңа бастамасына сәттілік тіледі.
Тәулігіне 24 сағат қызмет көрсететін көлік жуу бекетінің лентасы қиылып, «Muntazg'a» келіп, аудан тұрғындары мен қонақтарына көліктерін мұнтаздай таза қылып жууға мүмкіндік туды.
Көлігін жууға келгендер арнайы төлем қабылдайтын аппаратқа ақша салу және QR код арқылы төлем аудара алады. Халық игілігі үшін ашылған нысанның алдағы қызметі сәтті болсын!
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz