Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Орал қаласында орналасқан «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлерімен 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы үш жылда бір келетін инспекторлық тексерісті тапсырып жатыр.
Жүріп жатқан инспекторлық қорытынды тексеріске әскери бөлімнің барлық санаттағы әскери қызметші қатысуда.
Тексерісті бастамас бұрын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев әскери бөлімнің мәжіліс залында комиссия мүшелеріне және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Абжановқа өңірлік қолбасшылықтың жауынгерлік дайындығының жай-күйімен таныстырып, баянат жасады. Қолбасшының баянаты тыңдалғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Абжанов комиссия мүшелерін жеке-жеке таныстырып өтті. Мәжіліс залындағы жиын аяқталысымен арнайы құрылған комиссия мүшелері өз бағыттары бойынша сынақ қабылдауға кірісті.
Қазіргі таңда әскери бөлімнің барлық санаттағы әскери қызметшісі әскери топография, тактика, дене дайындығы, мемлекеттік құқықтық дайындық, атыс дайындықтары бойынша сынақ тапсырып жатыр.
Айта кетейік арнайы құрылған комиссия мүшелері осы уақытқа дейін, Ақтау және Атырау қалаларында орналасқан Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің жауынгерлік әзірлік деңгейін тексеріп келген болатын. Жалпы «Батыс» өңірлік қолбасшылығындағы инспекторлық тексерістің нәтижесі қазан айының 12-і күні қорытындыланады.
Ертуған Әубәкір