11.10.2023, 16:30
Оқылды: 56

БҚО-да пара беруші жеті жылға сотталып, пара алғандар бостандыққа жіберілді

Зейнеттегі әскери қызметші пара бергені үшін жеті жылға сотталды.
Ал пара алғандардың бәрі бостандыққа шықты. Адвокат сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді.

2c5cef9e-53a1-4826-afba-a5b284feb833

«Жуық арада сотқа апелляциялық шағым түсіремін», - деді зейнеттегі әскери қызметшінің адвокаты Тамара Сәрсенова.
Тамара Сәрсенова бүгін журналистер алдында сөз сөйледі.
- Мен пара беру, пара алу істері бойынша қаралған көп сотқа қатысқан адаммын. Бүгінде Қазақстанда пара берушіні де, алушыны да түрмеге қамауға асықпайды. Себебі оларды түрмеде асырау бюджет үшін тиімсіз. Керісінше үлкен көлемде айыппұл салып, сот залынан босатады. Бұл барлық облыста бар тәжірибе. Біздің облыста да өте көп сот отырысы болды. Пара берушілер де, алушылар да айыппұлмен ғана құтылып жатыр. Тек осыдан бір ай бұрын ғана дәл осы Орал қалалық сотының судьясы 43 эпизод бойынша пара алған кеден қызметкерін айыппұлмен босатып жіберді. Оған пара берген адамдардың бәрін де босатты. Енді келіп менің қорғауымдағы зейнеттегі әскери қызметші Ринат Туксумбаевты 7 жылға соттап отыр. Бұл шешім қаншалықты әділ? Пара бергендер мен алғандардың бәріне айыппұл салғанда неге Риант Туксумбаевқа да айыппұл түріндегі жаза тағайындалмайды, - деді Ринат Туксумбаевтың адвокаты Тамара Сәрсенова.

Риант Туксумбаев 48 жаста. Ол өмір бойына әскери қызметте болған. 2018 жылы жанып жатқан үйден 1965 жылғы ер адамды құтқарып қалғаны ел есінде. Ол сол кезде өз өмірін қауіпке тігіп адам өмірін арашалап қалғаны үшін марапталған болатын.

Алайда денсаулығына байланысты Ринат Туксумбаев осыдан үш жыл бұрын зейнетке шыққан. Кейін отбасын асырау үшін жем тасумен айналысыпты.
- Менің қорғауымдағы Туксумбаев әскери қызметте жүріп инсульт алып, денсаулығына байланысты зейнетке шыққан адам. Ол отбасын асырау үшін Ресейден жем таситындарды қалада ертіп жүріп ақша тапқан. Ресейліктер Оралды білмейді ғой. Сол үшін олар жергілікті адамдардың көмегіне жүгінеді. Менің қорғауымдағы Туксумбаевтың жолына бірнеше мәрте полиция қызметкерлері кездесіп жұмысына кедергі келтірген. Ол амал жоқ пара беруге мәжбүр болған. Туксумбаевтың берген парасы - 525 мың теңгені құрайды. Ол сотта өзінін қателескенін мойындады, өкінетінін айтты. Соған қарамастан судья 7 жылға соттады, - деп атап өтті Туксумбаевтың адвокаты Тамара Сәрсенова.
Тамар Сәрсенованың айтуынша, пара бергендерді де, алғандарды да қазір түрмеге қамау мемлекет үшін тиімсіз. Оларға ірі мөлшерде айыппұл салған тиімді көрінеді.
Журналистермен кездесуге Туксумбаевтың әйелі де келді.
- Біз жолдасымыз екеуміз қарапайым отбасымыз. Мен сот үкімімен келіспеймін. Ол параны өз еркімен берген жоқ. Мемлекет басшысына, еліміздің бас прокуратурасына осы іске назар аударуларын сұраймын, - деді Ринат Туксумбаевтың әйелі Гүлнар Тайбағарова.

Айта кетейік, осыдан бірер күн бұрын Орал қалалық сотында судья Асылбек Иманғалиев пара беру және пара алу фактісі бойынша сот отырысын өткізген болатын.

Сол отырысында пара алғаны үшін транспорттық бақылау бөлімінің екі инспекторы, үш полиция қызметкері, бір территориялық бақылау инспекциясының маманы және пара бергені үшін Ринат Туксумбаевтың сөздері тыңдалған болатын.

Жанат Көшкінбай,

zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале