12.10.2023, 9:15
Оқылды: 103

Оралда облыстық форум өтті

Орал қаласындағы Достық үйінде «Еңбек жолы» атауымен облыстық форум өтті.

WM-133

Аталмыш іс-шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев және түрлі саланың мамандары қатысты. Кештің басты мақсаты – еңбек адамын ынталандыру, қоғамның еңбекке деген құлшынысын ояту, көпжылдық еңбек әулеттерінің үрдісін сақтау.

WM-24

– «Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру» идеясы аясында еңбек адамының беделін арттыру, жұмысшы кәсіптерді насихаттап, жастарды өндіріс саласына тарту мақсатында Мемлекет басшысының жарлығымен елімізде жыл сайын «Еңбек күні» атап өтіледі. Бұл – мемлекеттің дамуына жасампаз ісімен үлес қосып жүрген жандарды танытуға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай, көпке үлгі болып жүр. Осы мерекеге орай ұйымдастырылып отырған іс-шараға өңірдегі аға буын өкілдері, өндіріс кәсіпорындарының басшылары мен жұмысшылары және мемлекеттік қызметтегі жастар қатысуда. Бұл мерекенің негізгі идеясын әр буынның бойына сіңіру қажет. Адал еңбек – жетістіктің бастауы, табыстың кілті. Табыс пен тұрмыстың сапасын арттыру жұмыстың өнімділігі мен сапасына тікелей байланысты. Облыс көлемінде жыл сайын  еңбекті кеңінен насихаттау үшін түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Еңбек жолы» конкурсы. Кейінгі 3 жылда бұл конкурсқа 89 адам қатысты, – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы аталған конкурстың облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттады.

Айта кетейік, «Еңбек жолы» конкурсының облыстық кезеңі биыл тамыз айында өткен. Конкурстың облыстық кезеңіне 31 адам қатысқан. Байқаудың нәтижесінде «Үздік еңбек әулеті» аталымында І орынды Ақдоновтар әулеті иеленді. Ал Шүйіншәлиевтер ІІ орынды ал­са, Қожахметовтар әулеті ІІІ орынға жайғасты. Келесі «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымы бойынша Бөрлі ауданындағы «Казбургаз» АҚ-да бұрғылау шебері болып жұмыс істейтін Құбайдолла

Үмбетияровқа І орын берілді. Сырым ауданындағы пошта байланыс торабы жеткізу бөлімінің бастығы Райгүл Әбдұғалиева ІІ орынға және «Батыс­Энергоресурсы» ЖШС-ның бас есепшісі Ирина Липатова ІІІ орынға лайық деп танылды.

Үшінші аталым, яғни «Өндірістің үздік жас маманы» бойынша І орын биігінен Теректі ауданындағы «Пойма Май Комбинаты» ЖШС-ның газоэлектр­дәнекерлеушісі Жақсыбай Бараков көрінді. Ал ІІ орын Бөрлі ауданындағы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясында газ компрессорының операторы Каир Байчеркешов ие болса, ІІІ орын Бөрлі ауданындағы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В» компаниясының мұнай-газды қайта өңдеу операторы Әли Науфаловқа бұйырды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар берілді. Өзге қатысушыларға алғысхаттар табысталды. Сондай-ақ облыс деңгейінде өткен байқаудың бірінші орын иегерлері республикалық кезеңге жолдама алды.

Мерекелік кеш әрі қарай концерттік бағдарламамен жалғасып, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары сахнаның сәнін кіргізді. Халық әні «Ақ ерке», қырғыз әні «Таң сыры» және белгілі композитор Е. Хасанғалиевтің «Айналдым елім» әндері орындалып, жиналғандар ерекше қошемет білдірді. Жеңімпаз әулеттің отағасы Бірімжан Ақдоновты сөзге тарттық. Оның атакәсіппен, яғни мал бағумен айналысқанына 46 жыл болған. Бүгінде «Құрмет» шаруа қожалығының жетекшісі.

– Қаратөбе ауданының Үшана елді мекенінен келіп отырмыз. Қазақ қашанда төрт түліктің қадірін білген. Өйткені мінсе көлік, ішсе сусын, ас, кисе киім де болған. Мал бағып, бар өнімді содан алудамыз. Ахметжан мен Әділжан есімді ұлдарым да осы кәсіпті жалғастыруға ниетті. Жалпы еңбек деген кез келген ортада адамның мерейін өсіреді, – деді Бірімжан Құрметұлы.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале